Қоғам

Мәжіліс депутаттарының үндеуіне теріскейліктер қолдау білдіруде

Халық қалаулылары саяси маңызды науқанды биылдан қалдырмай өткізу – Елбасының кезекті Жолдауы мен “Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол” атты бағдарламалық мақаласын жік-жігімен орындауға жаңа серпін береді деген сенімде. Сондай-ақ, Парламент Мәжілісі депутаттары мен облыстық және қалалық мәслихат сайлауын бір мезетте ұйымдастыру – қиын-қыстау уақытта бюджет шығыстарын қысқартуға септеспек. Қазіргі уақытта бұл бастама еліміздің түпкір-түпкірінде қызу талқылануда. Саяси шарадан теріскейліктер де үлкен өзгерістер күтеді, айтуларынша жаңадан сайланған депутаттар мемлекеттің дамуына зор ықпал етпек.

Елена Коноплёва – Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің директоры:

-Өз басым кешегі күнгі Мәжіліс депутаттарының сайлауын мерзімінен бұрын өткізу идеясын мынадай алма-ғайып заманда дер кезінде ойластырылған деп есептеймін. Биыл төменгі Палата депутаттарының сайлауы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Егер Парламент құрамы жас халық қалаулыларымен толықса, еліміз экономикалық дағдарысты ұтымды еңсереді.

Райхан Әбдірахманова – облыстық мәслихаттың депутаты:

-Кезектен тыс депутаттар сайлауын биылдан қалдырмай өткізу, ел тұрғындары үшін маңызды шара болып есептеледі. Халық қалаулыларының ұсыныс-тілегі еліміздің келешегін кемелдендіріп, экономиканың әр саласына жаңа ықпал жасамақ. Әзірше, бұл бастамаға қатысты Елбасы нақты шешім қабылдаған жоқ. Мен облыстық мәслихаттың депутаты ретінде бұл идея – тұрғындар өмірін жақсату мақсатында қабылданған аса қажетті шара деп ойлаймын.

 

 

Бакыт Садуакасов