МТРА жаңалықтары

СҚО-да ҚР-сы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлау шаралары ресми түрде бастау алды

Тұла бойын ерекше сезім, шаттық билеген солтүстікқазақстандықтар үшін бүгін айтулы оқиға. Елбасы бастамасымен, халықтың қолдауымен егемендігіміздің ширек ғасырлық мерейтойына орай биыл “ҚР-ның Тәуелсіздігіне 25 жыл” жылы болып жарияланды. Айтулы дата аясында аймақтарда егемендік пен елдікті, татулық пен тұрақтылықты, отансүйгіштік пен патриотизмді насихаттауға арналған маңызды іс-шаралар өтпек.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тәуелсіздік алғалы Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында халқымыз биік белестерге жетті. Ширек ғасыр ішінде еліміз құқықтық, демократиялық ел ретінде әлемге танылды.

Ширек ғасыр уақыттың ішінде егеменді мемлекетімізді бүкіл әлем мойындады. Қазақ елі көк байрағын тұғырына қондырып, 70-тен астам халықаралық ұйымның белді мүшесі атанды. Шетелдіктермен иық тірестіре алатын жағдайға жетті. Десе де қазір белбеуді босатып, арқаны кеңге жаятын кез емес. Тәуелсіздікті алу бір басқа да, оны баянды ету одан да күрделі. Сондықтан, бәріміз бүгінен тізе қосып Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың “Индустриаландыру картасы”, “Нұрлы жол” бағдарламасы мен “Мәңгілік ел” ұлттық идеясын және “100 нақты қадам” стратегиялық құжатын жүзеге асыруда күш біріктіргеніміз абзал дейді аға буын өкілдері.

Амангелді Кенжегузинов – СҚО ардагерлер кеңесі жанындағы тұрақты комиссияның төрағасы:

– Тәуелсіз еліміздің болашағы баянды болсын. Ата-бабамыздың асқақ арманына қол жеткіздік. Енді сол егемендікті жастар қолдан жіберіп алмаса деймін.

Салтанатты жиын барысында ел ағаларының айтқан сөзін жастар да қоштайды. Бүгін белсенді, жасындай жарқыраған 100-ден астам студент ортаға шығып, патриоттық сарындағы әннің ырғағына ілесіп, өздерін қоғамда белсенді, бастамшыл азамат екендіктерін би қимылдары арқылы жеткізді. Осынау күні өнер ұжымдары әуелете ән шырқап, мерекенің шырайын одан сайын аша түскендей болды. Бұл күні жүректері Отаным деп соққан әрбір жерлесіміздің кеудесін қуаныш кернеді. Олар күннің суықтығына қарамастан соңына дейін қалып концертті тамашалады.

Мұхит Ахметов – облыстық филармонияның әншісі

– Бұған біз әрине қуаныштымыз. Тәуелсіздік қазақ баласы үшін оңай тиген жоқ. Бабаларымыздың қаны мен аналарымыздың жасы төгілді.

Зулейха Бикметова, “Дуслык” татар-башқұрт орталығының мүшесі:

– Биыл ҚР-сының Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Бұл мерекемен барша қазақстандықтарды құттықтаймын. Осы мерзім аралығында елімізде көптеген өзгерістер орын алды. Бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы пайда болды. Балаларымыз бен немерелеріміз ана тілін меңгеруде. Елбасының салиқалы саясатының арқасында біз салт-дәстүрімізді ұмытпадық.

Айта кету қажет, ҚР-сы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған осыған ұқсас ауқымды шаралар Қазақстанның түкпір-түкпірінде өтуде.

Берік Қасен