Балалар

Петропавлдық өнерпаз жеткіншектер Елордадан жүлделі оралды

Полина Крылова, №1 өнер мектебінің тәрбиеленушісі:

– Қатты қобалжыдық. Астанда біз сияқты көп өнерпаздармен таныстық. Бұл маған, қасымдағы құрбыларыма да ұнады. Екінші орын алдық. Қарсыластырымыз өте мықты болды. Қаламыздың намысын қолдан бермеуге тырыстық.

Моцарт, Гайдн, Бетховен. Атақты композиторлардың шығармасын 7 жасар Виктория Михеда асқан шеберлікпен орындайды. 5 жасында фортепиано сыныбына барған бүлдіршін, ендігі халықаралық дәрежедегі байқауларға қатысып жүр. Бұл жолы ол екінші орынды қанжығалаған.

Жалпы мектептен “Рождество жұлдыздары” фестиваль-байқауына 8 өнерпаз қатысыпты. Барлығы дерлік 2-3 дәрежедегі дипломдармен марапатталды.

Алла Янкова, №1 өнер мектебінің фортепиано бөлімінің меңгерушісі:

– Қысқы демалыс уақытын сәтті пайдаланып, байқауға қатысып қайттық. Еліміздің барлық қалаларынан және Ресейдің бірнеше шаһарынан қатысушылар болды. Еңбегіміз текке кетпей, балаларымыз жүлдегер атанды. Барлығы олардың ата-аналарының көрсеткен қолдауының арқасы. Қазылар алқасы да Петропавл – таланттардың қаласы екенін мойындады.

Өнерпаз балақайлар ендігі ақпан айында Санкт-Петерборда өтетін халықаралық байқаудың дайындығына кірісіп кетті.

 

Акбопе Танирберген