Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қала көшелерін қардан тазалауға қалалық бюджеттен 184 миллион теңге бөлінген

Облыс орталығындағы «Норд Жолдары» кәсіпорнының жұмысы кешкі сағат тоғыздан басталып, таңғы алтыға дейін жалғасады. Өйткені, түнгі уақытта көлік қозғалысы аз болғандықтан істі ойдағыдай аяқтауға жеңіл. Бүгін де олар “Коммунхоз Петропавл” серіктестігінің қызметкерлерімен бірлесіп күнделікті қызу тірліктеріне кірісіп кеткен.

Юрий Самосенкин – «Норд Жолдары» ЖШС инженері:


– Біздің кәсіпорын қала көшелерін қардан тазалау жұмыстарымен жылда айналысады. Биыл қар былтырғыға қарағанда көп. Сондықтан, бір тоқтамай жұмыс істеудеміз. Алдағы уақытта өзімізге тапсырылған аумақтағы шаруаны ойдағыдай аяқтаймыз деп ойлаймын.

“Норд Жолдары” кәсіпорнында 10 техника бар. Оның алтауы – қарды қала сыртына шығаратын ауыр жүк машиналары. Серіктестік жұмысшыларына шаһардың 38 көшесін ақ ұлпадан арылту міндеті жүктелген.

Юрий Самосенкин – «Норд Жолдары» ЖШС инженері:

– Бізге ендігі кезекте Батыр Баян көшесін қардан тазалаймыз. Одан кейін “Береке” ықшам ауданы мен Астана көшесіне барамыз. Әзірге, жұмысымызды орындауда еш кедергі жоқ. Барлық техника ойдағыдай қызмет етуде.

Петропавлдағы қар тазалау жұмыстарының сапасын қала әкімі Марат Тасмағанбетов байқады. Шаһар басшысының айтуынша биылғы жылы облыс орталығындағы көшелерді ақ ұлпадан арылту үшін 7 кәсіпорын жұмылдырылыпты. Оларда жалпы саны 100-ге жуық адам мен 75 бірлік техника бар. Әр серіктестік күніне шамамен мың текше метрге дейін қар тазалайды.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі

 

– Бүгінгі күні қала көшелері 7 бағыт бойынша қардан тазартылуда. Жұмысшылар күндіз-түні еңбектенеді. Жалпы, бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 184 миллион теңге бөлінді.
Бір айта кететін жайт, кәсіпорын қызметкерлерінің ісіне көлік иелері көп кедергі келтіреді. Олар машиналарын жол шетіне қалдырып кетеді. Қазір бұл мәселедер бойынша қалалық ІІД үнемі бақылау жасауда.

Петропавл қаласының көшелерінен өткен жылдың қазан айынан бастап 178 мың текше метр қар шығарылған. Облыс орталығын ақ ұлпадан арылту жұмыстары сәуір айына дейін жалғасады.

Култанов Байболат