Қоғам

Өткен жылы Петропавл гарнизонының әскери прокуратусы әскери мекемелерде орын алған 113 заңсыз әрекетті анықтады

Айталық, әскерилер арасында жасалатын қылмыстар саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда 25 пайызға төмендеп отыр. Сондай-ақ, шенділердің қызметтерін атқаруы да құзырлы орган мамандарының жіті бақылауында.

Талғат Бекбергенов – Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:

– Мәселен, өткен жылы келісім шарт бойынша қызмет атқаратын әскери азамат қызметтік бабын асыра пайдаланып, орта әскери оқу орнының 5 кадетіне физикалық күш көрсеткен. Бұл заңсыз әрекет бейнебақылау камерасының көмегімен әшкере болды. Айыпты тұлға әскери соттың үкімімен 1000 АЕК көлемінде, яғни 1 миллион 982 мың теңге айыппұл өтейтін болған. Оған қоса әскери қызметкер қарулы күштер қатарынан біржола шығарылып, шенінен айырылды.

Өткен жылы Петропавл гарнизонының әскери прокуратурасы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына қарасты әскери бөлімдер мен оқу орындарында жалпы саны 35 қызметтік жоспарлы тексеріс жүргізген. Нәтижесінде қадағалау орган өкілдері шенділердің 113 заңбұзушылық жасағанын анықтаған. Қазіргі уақытта 102 іс бойынша тиісті шешімдер шығарылса, қалған 11-не қатысты әлі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Талғат Бекбергенов – Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:

– Жоспарлы тексеріс кезінде ҚР ҰҰ әскери институты мен ШҚ 2032 әскери бөлімінің бір топ қызметкерлері тұрғын үйді жалға алуға берілетін өтемақыны заңсыз алып келгендігі анықталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында аталған тұлғалар мемлекетке келтірген 18 миллион теңге шығынды толығымен қайтарды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы бақылау жұмыстарын күшейтеміз.

Бір айта кететіні, өткен жылы Петропавл гарнизонына бағынышты әскери мекемелерде қару-жарақ пен оқ-дәріні жымқырып не болмаса рұқсатсыз қолдану фактілері мүлдем тіркелмеген.

 

Бакыт Садуакасов