Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдегі жергілікті полиция қызметінің бастығы тағайындалды

Оның кандидатурсын өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов облыстық мәслихаттың сессиясында депутаттарға ұсынған болатын. Полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың ішкі істер органдарында 20 жылдан артық жұмыс өтілі бар. Жерлесіміз еңбек жолын учаскелік инспектордан бастап аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы сынды бірнеше қызметтік сатылардан өткен.

Қанат Айтбаев – СҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы:

– Жергілікті полиция қызметі қоғамдық тәртіпке жауап береді. Өңірдегі жол қауіпсіздік ережесін қамтамасыз етеді. Қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алады. Жалпы облыстық жергілікті полиция қызметінде 1600 адам қызмет етеді. Олар бүгінде ІІД-де жұмыс істеп жүр. Ішкі істер органдарында айтарлықтай ешқандай өзгеріс болмайды. Әдеттегі жұмысымызды атқара береміз.

Өзгешелігі сол, жергілікті полиция қызметінің бастығы жылына екі рет мәслихат депутаттарына, сондай-ақ жылына бір рет халық алдында есеп беруі тиіс. Осылайша, ішкі істер органдарының қызметі мен ашықтығын қамтамасыз ету көзделген. Заңда көрсетілгендей, бұдан былай табиғатты қорғау полициясы, учаскелік инспекторлар, жол-патрульдік, ювеналдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері жергілікті полиция қызметінің бастығына бағынатын болады. Осы күні қызметіне тағайындалған басшыны жеке құрамға СҚО ІІД бастығының бірінші орынбасары Думан Таев таныстырды.

Думан Таев – СҚО ІІД бастығының бірінші орынбасары:

– Қанат Айтбаев ішкі істер органдарында 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2013 жылдың желтоқсан айынан бастап өткен жылдың наурыз айына дейін қалалық ішкі істер басқармасын басқарды. Одан кейін Ғ.Мүсірепов аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы міндетін атқарды.

Осы күні жеке құрамға облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының жаңа бастығы Қайрат Танатқанов та таныстырылды. Оның осы салада 27 жылдық тәжірибесі бар екен. Айта кетейік, бүгінде облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасындағылар өңіріміздегі стратегиялық маңызы бар нысандарды бақылайды.
ІІД-нің басшылығы жаңадан тағайындалған ведомство жетекшілеріне жұмыста табыс тіледі.

Берік Қасен