Спорт

Жерлес зілтеміршілер халықаралық жарыстан олжалы оралды

Андрей Тарахтий – ауыр атлетикадан спорт шеберіне үміткер:

-Мені осы жарысқа дайындаған жаттықтырушыма үлкен алғысымды білдіремін. Ол маған зілтемірді көтеруде бар ақыл-кеңесін берді. Сол себепті, менің жеңімпаз атануымда бапкерімнің де еңбегі зор.

Жалпы аталмыш жарыс ауыр атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Владимир Пакты еске алу құрметіне өткізілді. Байрақты бәсекеге еліміз бен Қырғызстан мемлекетінен 150-ге тарта спортшы қатысқан. Онда жерлес зілтеміршілер 6 алтын, 3 күміс және 3 қола еншіледі.

Эрик Әлібаев – ауыр атлетикадан облыс құрамасының бас жаттықтырушысы:

-Көкшетаудағы жарысқа бізден 14 спортшы барды. Бұл жарысқа дәстүрлі түрде қатысып тұрамыз. Жыл сайынғы нәтижелереміз көңіл қуантады. Қатарымыздан өте дарынды спортшылар өсіп келе жатыр.

Сондай-ақ, бүгін мұндағы жастармен кездесуге 77 келі салмақтағы өткен жылдың Азия чемпионы Айдар Қазов келді. Ол спортшыларға өзінің білген-түйгенін үйретіп, шеберлік сабағын ұйымдастырды. Айта кеткен жөн, теріскейлік толағай былтыр АҚШ-тың Хьюстон қаласында жалауын желбіреткен зілтеміршілердің әлем чемпионатында 51 спортшының арасынан тоғызыншы орынға табан тіреген. Енді ол Қазақстанның намысын биылғы жылы Бразилияда өтетін жазғы Олимпиада ойындарында қорғамақ.

Айдар Қазов – ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

-2015 жыл мен үшін сәтті болды. Бірнеше жарыстарға қатысып жемісті өнер көрсеттім. Ал, солтүстікқазақстандық жас зілтеміршілерге келетін болсам, олардың деңгейіне жақсы баға берер едім. Болашақ чемпиондар осы балалардың қатарынан шығатынына сенімдімін.

Шеберлік сабағынан тәжірибе жинақтаған спортшыларымыз өз білім-біліктерін енді келесі жарыстарда ұтымды пайдаланбақ.

 

 

Култанов Байболат