Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Казпочта” АҚ СҚОФ-ның аудандық бөлімшелеріне қызметтік көліктер берілді

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-“Казпочта” АҚ халыққа қызмет көрсететін үздік компаниялардың бірі. Бүгін тапсырылатын қызметтік көліктер мамандардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, қызмет көрсету сапасын артырады деген сенімдемін.

Осы күні облыс әкімі қалалық және аудандық пошта бөлімшелеріне 14 қызметтік көліктің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Бұл көліктермен мамандар аптасына 4-5 рет елді мекендерге қатынап, тұрғындарға дер кезінде жалақы, зейнетақы мен сәлемдемелерін, мерзімді басылымдарды жеткізеді.

Берік Жанахметов – “Казпочта” АҚ СҚОФ Айыртау аудандық почта торабының бастығы:

-Айыртау ауданында 86 елді мекен бар. Ай сайын мерзімді басылымдарға 15 мыңға жуық адам жазылады. Біз оларға жазылымдарды аптасына екі-үш рет жеткізіп тұрамыз.

Салтанатты жиын барысында байланыс саласының ардагері Тілек Әбдірахманов
облыс әкімінің қолынан Алғыс хат алды. Ал Воскресеновка ауылдық пошта байланысының бөлімшесінің жетекшісі Светлана Тулинова “Үздік байланысшы” төсбелгісін иеленді.

Тілек Әбдірахманов – байланыс саласының ардагері:

-Халықтың көңілінен шығу үшін тынбай еңбек етіңдер. Қазір осы сала біртіндеп дамып келеді.

Бүгінде байланыс саласы да жаңғыртылу үстінде. “Казпочта” АҚ тұрғындарға сапалы қызмет ұсыну үшін жылда жаңа технологияларды қолданысқа енгізуде. Мысалы, су жаңа мына көліктердің барлығына Джипиэс бақылау қондырғысы орнатылған. Оның көмегімен облыс орталығындағы анықтамалық сектор мамандары аудандардағы жүргізуші-инкосаторлардың жұмысын үздіксіз бақылауда ұстап, сәлемдемелер мен мерзімді баспасөздің шалғайдағы тұрғындарға уақытылы жеткізілуін қадағалайды. Және жыл 12 ай қызметтік көліктердің жолда қалып қоймауына жауап береді. Тағы бір жаңашылдық, бұдан былай интернет-дүкендер арқылы тапсырыс берген сәлемдемелерін әрбір тұрғын пошта бөлімшесіне бармай-ақ, жақын маңдағы сауда үйлеріндегі арнайы автоматтандырылған терминалдардан ала алады.

Тамара Манцуровская – “Казпочта” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

-Толығымен автоматтандырылған осындай тағы 3 постамат қаланың басқа аудандарындағы сауда үйлерінде орнатылды. Бұл кезекті жойып, операторлардың жұмысын жеңілдету үшін жасалған.

Бүгінде “Казпочта” АҚ СҚОФ -ның 13 ауданда почта торабы мен 88 елді мекенде пошта байланыс бөлімшесі жұмыс істейді.

Берік Қасен