Құқық қорғау органдары

Жыл басынан СҚО аумағында мыңнан астам алаяқтық фактісі тіркелді

Бақыт Ақжолова – СҚО ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары:

– Алаяқтар көбінесе өзіне бұрыннан таныс адамдарды, нақтырақ айтқанда, туыс, дос пен әріптестерін таңдап, солардың сеніміне кіруге тырысады. Жалған жоспарларымен бөлісіп, қомақты ақша сұрайды.

Тәртіп сақшыларының сөзінше, айлакерлердің арасында ақшаға ғана емес, сонымен қатар ұялы телефон, тұрмыстық техника, велосипед, автомобиль, тіпті баспанаға көз тігетіндер де бар. Биыл қалалық ІІБ-ның тергеушілері соңғысы бойынша 20 қылмыстық істі тергеген. Біразында алаяқтар мемлекеттік бағдарламалар аясында Петропавл мен Астана қалаларынан төмен бағамен үй алып береміз деп уәдені үйіп-төгіп, 20 солтүстікқазақстандықтың ақшасын қайтармаған. Осы күні аталмыш қылмыстық істерге қатысты 3 әйел негізгі күдікті ретінде айыпталуда.

Бақыт Ақжолова – СҚО ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары:

– Жаңа баспанаға оңай жолмен қол жеткізбекші болған тұрғындар бейтаныс адамдарға делдалдар арқылы қомақты қаражат жіберіп отырған. Ақырында үй де ала алмай, ақшаларынан да қағылды. Алаяқтардың тұзағына түсіп қалмас үшін қарапайым ережелерді сақтауға кеңес беремін. Күмән тудыратын ұсыныстарға бірден келісіп, қолда бар қаражатты бере салуға болмайды.

Тәртіп сақшылары осы күні алаяқтықтың алдын алу шараларын күшейткен.

Берик Касен