МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданы, Пеньково селосының тұрғындары Елбасы жолдауын талқылады

Альбина Сәбит, Пеньково орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

– Мен Елбасының Жолдауын тыңдадым. Президент 2017 жылдан бастап колледждерде техникалық бағыттағы мамандықтартегін оқытылатынын атап кетті. Бұл біз үшін тиімді. Өзім сабағымды жақсы оқып, ҰБТ-дан сүрінбей өтуді көздеймін.

Келесі кабинетте де Ел Президентінің жолдауы қызу талқыға түсуде. Ұстаздар қауымын стратегиялық құжаттағы әлеуметтік салаға қатысты басымдықтар қызықтырған. Бұл тақырыпқа Облыстық статистика департаментінің басшысы Марал Нұржауыпова кеңірек тоқталып өтті.

Марал Нұржауыпова, СҚО статистика департаментінің басшысы:

– Тұрғындардың неғұрлым әлжуаз топтарына қолдау көрсетіледі. Енді, мекен-жайлық көмек тек шынымен де оған мұқтаж жандарға көрсетіледі. Яғни, төлемдер жүргізілер уақытта олардың табыс көздері ескерілетін болады.

Рахима Ырықбаева да жиынға қатысып, спикерлердің баяндамасын тыңдады. Мұғалімнің тарих және география пәндерінен сабақ беріп, оқушыларға білім нәрін сіңіріп жүргеніне 20 жылға жуықтапты.

Рахима Ырықбаева, Пеньково орта мектебінің мұғалімі, Қызылжар ауданы:

– Бұл жолы да Президент жолдауын оқушылармен бірге тамашаладық. Елбасы ұстаздардың жалақысын арттыру және жастардың білім алуы мәселелеріне бас назар аударыпты.

Бүгінде Пеньково орта мектебінде 152 бала білім алуда. Ал, селода тұратын халықтың саны 1 мыңға жақындайды.

 

Акбопе Танирберген