Спорт

Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы ҚР кубогі мәресіне жетті

Нұрислам Беденов, жарысқа қатысушы, Қостанай облысы:

-Маған мұнда өте ұнады. Бұл өңірге бірінші рет келдім. Шаңғы жолдары мүгедектерге ыңғайлы етіп жасалған екен. Үшінші орынды жеңіп алдым. Дайындығым аздау болды, оның үстіне біздің облыста қар қайта-қайта жауып шынығуымызға кедергі келтірді.

Жарыста жергілікті спортшылардың асығы алшысынан түсті. Үзбей жаттыққан олардың еңбегі жанып, командалық есепте бірінші орынды қанжығалады. Ал, өңір мақтанышы Қайрат Канафин классикалық және ерікті стильдерде алдыңғы қатардан көрініп, қос бірдей алтынды еншіледі.

Қайрат Канафин, шаңғы жарысы бойынша ҚР спорт шебері, СҚО:

-Дайындығымыз жоғары болды. Қарашадан бері күніне екі рет дайындық жүргіздік. Біздің құрамада 8 адам болды. Барлығы да жақсы, нәтижелі өнер көрсетті. Жасырмаймын, жарыс қиын болғаны рас. Себебі, жаңадан қар жауды. Тегістелмеген ақ ұлпаның үстінде сырғу қиыншылықтар туғызды.

Шаңғымен сырғу бойынша ҚР кубогі екі күнге созылды. Оған еліміздің бірнеше өңірінен көруі және тірек қимыл аппараты зақымданған 25 мүмкіндігі шектеулі спортшы қатысты.

Елена Марон, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Үміт» спорт клубы директорының орынбасары:

-Қазақстан кубогіне еліміздің 7 облысынан келген спортшылар қатысты. Қорытынды бойынша 8 бірдей алтынды қанжығалаған СҚО құрамасы чемпиондар деп танылды. Ал Алматы қаласының спортшылары мен павлодарлықтар 2-3 орындарды өзара бөлісті. Жалпы спорттық сын өте тартысты өтті.

Айту керек, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ҚР кубогі Петропавлда алғаш рет өткізілді. Ұйымдастырушылар мұндай бәсекелерді өткізуді дәстүрге айналдыруды көздеп отыр.

 

 

Акбопе Танирберген