Спорт

Спорт саласындағы жетістіктер

160 мыңнан астам солтүстікқазақстандық спортпен шұғылданады екен. Жыл басынан бері өңірде 94 хоккей қорапшасы, көпсаласы спорт алаңдары мен 213 футбол және шағын футбол алаңдары тұрғызылыпты. Қой жылы күллі солтүстікқазақстандықтар жадында тағы бір маңызды жаңалығымен есте қалмақ. Облыс орталығында зәулім спорт сарайы қолданысқа берілді. Бұл да спорт саласындағы ауқымды жетістіктердің бірі.

Руслан Есеналин- СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

-Сөйтіп, өңірдегі спорт алаңдарына деген тапшылық 9875 шаршы мертге қысқарды. Ол Қызылжар, Тимирязева және Ғ.Мүсірепов аудандарда бой көтерген дене шынықтыру және сауықтыру кешендері мен қаламыздағы спорт нысандарының қолданысқа енгізілуі арқасында жүзеге асырылып отыр. 2016 жылы тағы Шал ақын ауданындағы Жаңа жол және Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылдарында осындай кешендер ашылатын болады.

Қазіргі күні облыста 7 клуб жұмыс жасайды. Солардың 3-уі биылғы жылы құрылыпты. Олар «Құлагер» хоккей командасы, қыздардан жасақталған «Қуаныш» волейбол құрамасы және «Барс» баскетбол командалары. Өңірде 67 спорт түрі дамыған. 339 солтүстікқазақстандық Ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді.

Руслан Есеналин- СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

-2015 жылы солтүстікқазақстандық спортшылар көптеген республикалық, халықаралық додаларда ел намысын қорғады. Толағайларымыз 500-ден астам медаль иеленді.

Міне осындай жетістіктерге қол жеткізгені үшін бірталай жаттықтырушылар жиын барысында марапаттарға ие болды. Солардың бірі өмірінің 45 жылын спорт саласына арнаған Александр Наумов. Оған министрлік атынан дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін медалі табысталды.

Александр Наумов- М.Қозыбаев атындағы СҚМУ спорт пәндері және әскери тәрбие кафедрасының аға оқытушысы:

-28 жылдан бері университетте еңбек етіп келемін. Осы уақыт аралығында 12 спорт шеберін дайындадым. Мынау медаль сол ұзақ жылғы еңбегімнің жемісі деп білемін.

Марапатқа ие болғандардың қатарында Ерік Әлібаев та бар. Ол «Үздік жаттықтырушы» номинациясына ие болды. Білікті маман жуырда өткен Азия чемпионатында ауыр атлетикада бірінші орынды жеңіп алған Айдар Қазовтың бапкері.

Ерік Әлібаев- облыстың ауыр атлетикадан аға жаттықтырушысы:

-Осы жуырда өткен Азия чемпионатында Айдар Қазов бірінші орын алды. Қазір Айдар олимпиада ойындарына дайындалып жатыр. Қола жүлдеден үміттіміз. Қазір интернатта 18 баланы жаттықтырып жүрмін. Олардың арасында да жақсы спортшылар шығады деп ойлаймын.

Тағы осы жиында 2015 жылдың үздік спортшысының есімі белгілі болды. Ол жерлесіміз Жанат Жақиянов. Бұл заңды да. Өйткені ол WBA нұсқасы бойынша аса жеңіл салмақта уақытша әлем чемпионы атағын жеңіп алып, көк байрағымызды желбіреткен болатын. Кездесу соңында үздік балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі анықталды. Ол «Жеңіс» мектебі.

 

 

Магжан Ахмадина