Спорт

Петропавлда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында шаңғы спортынан Қазақстан Кубогі үшін жарыс басталды

Вячеслав Латышев – “Үміт” мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры:

-Бұл жарыстардың басты мақсаты – үздік спортшыларды республикалық сайыстарға іріктеу. Сонымен қатар, қысқы паралимпиадалық ойындарға қатысатын ұлттық құраманы жасақтау болып табылады.

Мұхамедазис Нұрахметов шаңғы спортымен үш жыл бойы айналысып келеді. Көзі нашар көретін спортшы теріскейге Алматы облысынан келіпті. Айтуынша, бұл жарыстарға мықтап дайындалыпты және жеңістен дәмелі.

Мұхамедазис Нұрахметов – жарысқа қатысушы, Алматы облысы:

-Бұл жарысқа біз командамен мықтап дайындалдық. Жеңіске жетеміз деген ойдамын.

Сонымен, міне жарыс басталды. Бұл сайыста біздің өңірдің намысын 10 спортшы қорғауда. Оның арасында Сергей Усольцев та бар. Қарсыластарына дес бермеген жерлесіміз мәре сызығын бірінші болып кесті.

Сергей Усольцев – жарысқа қатысушы, СҚО:

-Біз бұл сайысқа ұзақ уақыт бойы дайындалдық. Жазда дөңгелекті шаңғыға арналған жолда шынықтық. Енді міне сол тынымсыз еңбектің жемісін көріп отырмын. Өте қуаныштымын.

Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы шаңғы жарысы екі күнге жалғасады. Сайыс соңында жеңімпаздар кубок, медаль және дипломдармен марапатталады.

 

 

Риат Шони