Жаңыл Қабдөшева – СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Заңнаманы түсіндіру басқармасының бас маманы:
-Декларациялау екі түрге бөлінеді. Бірінші кіріс декларациясы, ол бір рет тапсырылады. Онда мүліктер мен табыстар, атап айтқанда, ақша, жылжымайтын мүлік, көлік құралдары көрсетіледі. Және жеке тұлғаның мойнында 160 еседен артық айлық есептік көрсеткіш көлемінде кредиторлық немесе дебиторлық қарыздары болса, ол берешегін декларацияда міндетті түрде көрсетуі қажет. Бұл мысалы қазіргі бағаммен есептегенде 3 млн. теңге болады.
Кіріс декларациясын 2020 жылдан бастап оралмандар мен кәмелет жасына толған Қазақстанның барлық тұрғыны тапсыратын болады. Сондай-ақ, ауқымды шарадан ҚР-сы аумағында мүлкі бар шетелдіктер де тыс қалмайды.
Жаңыл Қабдөшева – СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Заңнаманы түсіндіру басқармасының бас маманы:
-Сонымен қатар жеке тұлғалардың меншігінде құны 20 мың АҚШ долларынан асатын бағалы тастар, зергерлік бұйымдары, өнер туындысы мен антиквариаттары болса ол туралы да ақпарат беруге тиісті.
Декларацияның 2-ші түрі – “Мүлік және табыс туралы декларация” деп аталады. Оны әрбір тұрғын жыл сайын тапсыратын болады. Құжатта қосымша кірістер, жылжымайтын мүлік, көлік, бағалы қағаздардың бар-жоғы белгіленеді. Сонымен қатар депутат, судья, мемлекеттік қызметші болып табылмайтын тұлғалар,
қосымша табыс таппайтын азаматтар мен зейнеткерлер жеңілдетілген декларация тапсырмақ.
Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:
– “2017 жылдың 1 қаңтарынан кірістер мен шығыстарды жаппай декларациялау күшіне енеді. Одан кейін, олар қайда болса да, олардың шығу төркіні мен салық салынуын анықтау үшін, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының көмегімен, есепшоттар мен активтерді анықтау бойынша шаралар қабылданатын болады.
Айта кету қажет, жалпыға бірдей декларациялау жеке немесе заңды тұлғадан салық ретінде қосымша қаражат жинау үшін арналмаған. Ол тек әр азаматтың кірісі мен шығысын реттеп, қандай жолмен табыс тауып отырғанын білу үшін жасалып отыр. Бұл өз кезегінде жемқорлық пен көлеңкелі экономиканы болдырмау үшін өте тиімді.
Берик Касен