Спорт

Петропавлда қазақ күресінен облыстық турнир өтті

Ерлан Әбілқайыров – жарыстың төрешісі:

-ҚР Тәуелсіздік күніне орай қазақша күрес турнирі өткізілуде. Оған өңіріміздің 75 балуаны қатысып отыр. Бұл жарыс арқылы республикалық додаларда күш сынасатын жас спортшылар анықталады.

Жарыстың салтанатты ашылуынан кейін көптен күткен күреске де кезек келді. Ең алдымен кілемге 42 келі салмақ дәрежесіндегі жасөспірімдер шықты. Қызыл шапан киген тайыншылық Сейілхан Сыздықпен петропавлдық қарсыласы арасындағы кездесу тартысқа толы болды. Жас палуандар қазақ күресінің айла-тәсілдерін толық пайдаланып, 3 минут бойы күш сынасты. Алайда, бозкілемде Сейілхан Сыздықтың жолы болып, ұпай сандары бойынша жеңіске жетті.

Сейілхан Сыздық – жарысқа қатысушы, Тайынша ауданы:

-Мен жаңа қарсыласыммен күрескенде өте қиын болды. Сосын ол маған ұтуға мүмкіндік беріп қойды. Сол мүмкіндікті пайдаланып жеңіске жеттім.

Осыдан соң, 55 келідегі палуандардың күресін тамашалауға мүмкіндік туды. Көрермендердің қызу қолдауынан күш алған спортшылар бірден тартысқа көшті. Оңтайлы сәтін уысынан жібермеген айыртаулық Дархан Алпыс қарсыласын бірнеше секундтардың ішінде тізе бүктірді.

Дархан Алпыс – жарысқа қатысушы, Айыртау ауданы:

-Күреске қатысқаныма 4 жыл болды. Қазақ күресімен шұғылдану өзіме қатты ұнайды. Қарсыластарымның бірнешеуі бар әлі. Оларды ұтамын деп сенемін. Жеңіске жетуге тырысамын.

Турнирда жеңіс тұғырына көтерілген палуандар медаль және кубоктармен марапатталды.

 

 

Култанов Байболат