Қоғам

Петропавлда “Мадагаскар” отбасылық ойын-сауық кешені ашылды

Тәуелсіздік күнінде тұрғындарға ерекше сыйлық болған нысанды өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов аралап, жаңа кешен – барша балалардың бос уақытын қызықты өткізетін сүйікті орнына айналады деген сенімін білдірді.

Ерік Сұлтанов- Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Кәсіпкерлердің осындай әлеуметтік салаға белсенді қатысуы біз үшін үлкен қуаныш. Қазір де жергілікті кәсіпкерлер өңірде көптеген әлеуметтік кешендерді салып жатыр. Ол – спорт алаңдары, сауықтыру орталықтары. Мұның бәрі Елбасы тапсырмасының орындалуы. Сондықтан, біз “Бизнестің жол картасын” болашақта жақсы игеріп, тиімді пайлана бермекпіз. Баршаңызды Ел Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылған жобаның құны 700 млн теңгені құрайды. Кәсіпкер жалпы соманың 3/1 бөлігіне «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қол жеткізіпті. Серіктестіктің директоры Сергей Леонтьев бұл мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау деп отыр.

Сергей Леонтьев, «Фирма Леонтьев» ЖШС директоры:

-Ойын-сауық кешенінің ашылуы 65 адамды тұрақты түрде жұмыспен қамтыды. Әрқайсының жалақысы орта есеппен алғанда – 50 мың теңге. Қызметкерлер әлі де керек. Келушілер үшін барлық жағдайды жасауға тырысып бағамыз. Мысалы, карусельдерге отыру – 100 теңге, қымбат деген аттракциондарға – 250 теңге. Бұл барынша төмен баға.

Орталықта түрлі балалар әткеншектері мен ойын автоматтары, балдырғандар асыр салып ойнайтын батуттар мен ойын залы және ересектерге арналған боулинг жолақтары да бар. Мұндағы жалпы аттракциондар саны 130-дан асып жығылады. Одан бөлек, дәмхана, 7Д кино мен шағын мұз айдыны көз қуантады. Мұның бәрі кешеннің ең алғашқы келушілерінің бірі Данагүл Сайранның көңілінен шығыпты.

Данагүл Сайран:

-Маған мұнда ұнады. Енді достарыммен жиі келетін боламын. Бәрінен ұнағаны мұз айдыны болды.

Енді “Мадагаскар” отбасылық ойын-сауық кешенінің есігі келушілерге күнделікті таңертеңгі 10-нан кешкі 22:00-ге дейін айқара ашық.

 

 

Акбопе Танирберген