Қоғам

Булаево қаласында жаңа сауда орталығы ашылды

Айдарбек Сапаров – облыс әкімінің бірінші орынбасары:

-Осыдан бір жыл бұрын облыс әкімі Ерік Сұлтанов Омбы қаласына барып, кәсіпкерлермен кездесті. Бүгін сол жүздесудің жемісін көріп отырмыз. Ресейліктер Булаев қаласына келіп, бізге инвестиция құюда. Оның көлемі 100 млн теңгеден жоғары. Бұл жерлестеріміз үшін өте тиімді. Баға мұнда төмендетілген.

Азық-түлік пен тұрмыстық заттар сатылатын алып дүкен заман талаптарына сай жарақталған. Аумағы 150 шаршы метрді құрайды. Нысанның құрылысына 137 млн теңге қаражат жұмсалған. Сонымен қатар, бұл жерде Булаев қаласының 30 тұрғыны екі қолға бір күрек тауып отыр.

Виктор Шкуренко – «Низкоцен» дүкен желісінің иесі, РФ:

-Ресей Федерациясы Солтүстік Қазақстан облысымен шекаралас. Мәселен, Омбы қаласынан Булаевқа дейін 200 шақырым. Жақын болғандықтан осы жақта дүкен ашуды жөн көрдік. Біздің тауарымызды қазақстандықтар жақсы бағалайтынын білеміз. Сондықтан, мұнда ресейлік өнім де болатыны сөзсіз. Инвестиция сырттан да келуі тиіс. Әрине, бұл сауда орталығының ашылуына солтүстікқазақтандықтардың тарапынан да көмек болды.

Айту керек, бұл кәсіпкердің Ресейде «Низкоцен» сауда дүкендерінің 54 нүктесі бар екен. Ал Қазақстан нарығына ол алғаш рет шығып, 55-шісін ашып отыр.

-Сауда дүкендерінің сөресіне халық тұтынатын азық-түлік өнімдерінің 8 мың түрі жайғасқан. Оның 70%-ы – отандық тауар.

Бұл күнді аудан тұрғындары асыға күткендігін жиылған халықтың көптігінен бірден байқауға болады. Сапалы өнімдерге толы дүкенге тұрғындар ертесімен келіп, үйге керектілерін алып жатты. Арасында Ресей азаматтары кездесті.

Жанат Бекмағамбетов – Қазақ ұлттық-мәдени орталығының президенті, Омбы қаласы, РФ:

-Бұл Булаев қаласындағы алғашқы алып дүкен. Мұндағы тауардың санында шек жоқ. Мен бұл жерге қазақстандық өнім алу үшін келдім.

Гүлбағила Ныжықанова – М.Жұмабаев ауданының тұрғыны:

-Орталықта, оңды енді. Сағат кешкі 11-00ге днйін істейді. Соған қуанып отырмыз. Біздерде дүкен ертерек жабылып қалады.

Зәбирә Укиенова – М.Жұмабаев ауданының тұрғыны:

-Біз дүкеннің ашылғанына қуаныштымыз. Енді осы жерден бәрін аламыз. Бағасы да тиімсді.

 

 

Айгерим Ержанова