Денсаулық сақтау

Есіл ауданында “Бизнестің жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасы қарқынды жүргізілуде

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі:

-Бүгінде ауданда “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы қарқынды жүргізіліп келеді. Ол үшін барлық жағдай жасалынған. Бұл жоба қолға алынғалы бері ауданда жалпы сомасы 55 млн теңгеден асатын 4 жоба іске қосылды.

Бұдан кейін “Денталия” тіс емдеу кабинетінің таспасы салтанатты түрде қиылды. Жалпы ғимарат 83 текше метрден астам аумақты алып жатыр. Мұнда 3 бірдей қызмет түрі көрсетіледі. Бүгінде бұл аудан орталығындағы алғашқы жеке меншік тіс емдеу кабинеті болып отыр.

Ирина Гнилозуб – “Денталия” тіс емдеу кабинетінің директоры, Есіл ауданы:

-Мен бұл кабинетті ашу үшін “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасына жүгіндім. Соның арқасында 5 жылға 10 пайыздық үстемақымен 12,5 млн теңге несие рәсімдедім. Оның 4,5 млн-ы ғимаратты тұрғызуға жұмсалды. Жалпы аудан орталығында тұрғындар тісті тек орталық емханада ғана емдете алатын. Енді міне бізге де келулеріне болады.

Қазір тіс емдеу кабинетінде 5 маман еңбек етеді. Олардың орташа айлық жалақысы – 40 мың теңге. Күніне мұндағылар 6-8 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы екен.

Валентин Гнилозуб – “Денталия” тіс емдеу кабинетінің дәрігері, Есіл ауданы:

-Біздің кабинетте хирургия мен терапиялар жоғары сапада жасалатын болады. Қондырғылардың барлығы жаңа, Европадан әкелінген. Атқарылған жұмысқа 3 айдан бастап 3 жылға дейін кепілдік беріледі. Сонымен қатар, зейнеткерлер мен мектеп жасындағы оқушыларға 5 және 10 пайыз жеңілдік қарастырылған. Ал Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне барлық қызмет түрі тегін, қажет болса оларға жол ақысын да өзіміз өтейміз. Негізі тіс емдеудің бағасы бізде 4,5-5 мың теңге маңайында.

Жалпы есілдіктер осындай сапалы қызмет көрсететін тіс емдеу кабинетінің ашылғандығына дән риза.

 

 

Риат Шони