Мәдениет

Петропавлда “Кітапханадағы жалықтырмайтын түні” атты театрландырылған кеш өтті

Кітапхананың фойесі бұрынғыдан өзгеше. Мұнда скрипкашылардың ойнаған әуеніне бишілер би билеп, сайқымазақтар көпшіліктің көңілін көтеріп жүр. Жиналғандардың назарын бірден өздеріне аударатын түрлі-түсті құлтемірлер де осында. Сондай-ақ, қазақ және орыс ақын-жазушыларының рөлін сомдаған әртістер өлең оқып, жастарды білімге, ғылымға шақырды.

“Кітапханадағы жалықтырмайтын түн” атты кеш осыдан кейін мәдениет ошағының әр қабатында жалғасты. Бірінде жұртшылық сирек кездесетін кітаптарды тамашаласа, енді бірінде Жапон, Түрік, Үнді халықтарының шәй беру рәсімін көре алды.

Тимур Жұманов – СҚО жастар бастамалары орталығының директоры:

-Бүгінгі кешке барлық кітапхана қызметшілері жұмылдырылған. Сондай-ақ, ерікті студенттер де көмектесіп жатыр. Шараның қызықты болуы үшін бар күшімізді салдық. Халықтың көңілінен шығады деп ойлаймын.

Ал, қазақ әдебиеті бөліміндегі мереке тіптен басқа. Келген қонақтарды кітапхана қызметкерлері ұлттық киіммен қарсы алып, барлығына дәмі тілі үйірер қымыздан ауыз тигізді. Мұнда, сондай-ақ, ұлттық дәстүрді насихаттаған суырып салма ақындар айтыс өткізді.
Осы маңда жасөспірімдер асық, тоғызқұмалақ та ойнады.
Дастархан басында отырған ақсақалдар мен ақжаулықты әжелер жас ұл-қыздардың өнерін қызықтады. Көрермендердің арасынан кітапхананың тұрақты оқырмандарын да кездестіруге болады.

Қағида Тайжанова – оқырман:

-Қазақ, орыс жазушыларының кітаптарын оқимын. Мына немерелерім де кітапханаға үнемі келеп тұрады. Оларда әдебиетке құмар.

Қызу қарбалас әлем әдебиеті залында да жалғасты. “Ағылшынша түн” атты шарада ұйымдастырушылар оқырмандарға “Алиса в Стране чудес” ертегісін сахналамақ.

-Менің бұл жерде жүру себебім, ағылшын тілінде жазылған кітап бойынша қызықты ертегі қоямыз. Ол жас оқырмандардың көңілінен шығады деп ойлаймын. Сондай-ақ, көрермендер арасында түрлі қызыққа толы ойындар ойнату ойда бар.

Кітапхананың екінші және үшінші қабаттары да той-думан. Кітапқұмар жастар мен аға буын өкілдерінің барлығы қызықты кештен мол әсер алғандықтарын айтады.

-Маға бүгін өте ұнады. Барлығын қызықтап тамашаладым.

-Мен мұнда өзімнің жиенімді алып келдім. Оған да маған да ұнауда.

-Кітапхана түніндегі мына ерекше орын “Білім ошағы” деп аталады. Бұл жерге әдебиетсүйер қауым көптеп жиналуда. Бұл маңның бір ерекшелігі 3 мыңнан аса кітап мұқият және әдемі қойылған.

Бұл жердегі кітаптар көрермендердің назарын бірден аудартады. Оларды түрлі жанрдағы еңбектердің ерекше орналастырылуы таң қалдырғаны анық. Ал, мына бөлмеде әдебиетсүйер қауымның қатысуымен “Кітапханаға сүйіспеншілігінді мойында” құттықтаулар мен тілектер отырысы өтті. Мерекелік жиын соңы көңілді би кешімен аяқталды.


 

Култанов Байболат