МТРА жаңалықтары

Сыбайлас жемқорлық пен қылмысқа жол жоқ

Әсіресе, бұған мемлекеттік қызметкерлер жол бермеуі тиіс. Десе де агенттік мамандарының айтуынша, көп жағдайда ведомстволардың сайтында жоғарыда аталған жоспарды орындауға қатысты ақпарат жазылмайтын көрінеді.

Шыңғыс Қабдула – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:

-Кей мемлекеттік органдардың сайтында тиісті бөлімдер жоқ. Олар – кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен қала әкімдігінің аппараты. Жоспардың тағы бір пунктінде тегін берілетін дәрі-дәрмектер мен көрсетілетін медициналық қызметтер жайлы көрнекілік жерлер мен емдеу мекемелерінде ақпарат орналастырылуы тиіс делінген. Алайда, бұл туралы тек министрдің қаулысы ғана көрсетілген. Мұндай қателіктер өзгелерде де кездесіп жатады.

Бүгін желтоқсанның 9-ы – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні. Қазіргі уақытта “бармақ басты, көз қыстылық” қоғам кеселіне айналған. Сондықтан, оның алдын алу бағытындағы жұмыстарды жақсарту қажет.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Жаңа ғана баяндаманы тыңдадыңыздар. Одан мемлекеттік органдардың бұл жұмысқа формалды түрде қарайтыны түсінікті болды. Стратегияны орындау және бақылау жұмыстары ақсап тұр. Сондықтан, аппарат басшысы мен орынбасарларыма 2 жұма ішінде жағдайды реттеуді тапсырамын. Барлық көрсетілген шараларды жүзеге асыру қажет.

Кейін жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы БАҚ-да қандай жұмыстардың жасалып жатқандығы сөз болды. Бұдан соң құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары талқыланды. Ең алдымен, бесіктен белі шықпай жатып қылмыс жасайтындар мен мектепке бармайтын балалар жайлы әңгіме өрбіді. Бүгіндері облыс бойынша сабақ уақытында партада отырмай көше кезіп жүретін 14 жасөспірім анықталған. Атқарылған тиісті жұмыстардың нәтижесінде олардың 11-і мектепке қайтарылды.

Күлпаш Қалғожина – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

-Бүгіндері мектепке әлі 3 оқушы бармай жүр. Олар – Петропавл қаласының тұрғындары. Балалар жағдайы төмен отбасылардан шыққан. Олардың бірі өзге жаққа ауысып кетіп, құжаттарын алмаған болса, тағы 1-уін анасы жалғыз тәрбиелеуде. Балаға қарамайды. Сондықтан, оны ата-ана құқығынан айыру мәселесі қарастырылуда. Ал 3-ші оқушы оқығысы келмейтін болып шықты. Қазір бұл проблеманы да шешіп жатырмыз.

Сонымен қатар, биылғы жылы өңірде жасөспірімдермен жасалатын қылмыстар артқан. Былтыр олардың саны 84 болса, биыл мұндай 90 факті тіркелген. Бұл статистика бойынша 5 аудан көш бастап тұр. Олар – Қызылжар, Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Тайынша және Мамлют аудандары. Осы ретте аймақ басшысы аудан жетекшілеріне жағдайды реттеуді жүктеді. Кейін селекторлық режимде Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі Владимир Дудов есеп берді.

Ауданда жалпы қылмыстардың саны артқан. Оларды ашу көрсеткіші де жоғарылап отыр.
Бірақ, жекелей алғанда қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың саны – 6, ащы суға тойып алып заңбұзушылыққа бару жағдайлары 3 пайызға кеміген екен. Тағы бір айта кетерлік жайт, ауданда бұрын сотталғандардың аяқтарын қайтадан шалыс басу фактілері жиілеп отыр. Тіпті, бірден 5 есеге көбейген.
Осы сәтте облыс әкімі Ерік Сұлтанов бұған жол бермеу керек деді. Тәртіпті бақылау ақсап тұрғандықтан жағдайды реттеу тапсырылды.

Жиында кейін Тайынша ауданының әкімі Ержан Иманслям сөз алды. Бұл аймақта жасөспірімдермен жасалған қылмыстар саны 66 пайызға өскен. Бұл мәселе бақылауға алынған деген уәж айтты аудан әкімі.
Жиын соңында өңір жетекшісі балалар тәрбиесін назардан тыс қалдырмай, бұған баса назар аудару қажеттігін ескертті.

 

 

Магжан Ахмадина