Білім

Солтүстікқазақстандық балабақша “Балалар әлемі” жобасын қолға алды

Елена Дмитриенко – ҚР «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымдар одағының президенті, Астана қаласы:

-Біз «Балалар әлемі» аталатын үлкен бір жобаны қолға алдық. Егер де ісіміз оң нәтиже көрсетсе, онда бұл бастама еліміздің барлық балабақшаларында қолға алынбақ. Жоба кішкентай балалардың дамуына бағытталған. Мұнда еуропалық «Монтессори» сынды бірнеше әдістер және шынығуға арналған жаңа жаттығулар қарастырылған. Сондай-ақ, балапандар музыкалық аспаптарда да ойнайтын болады. Бұл – жобаның басты ерекшелігі.

Айту керек, бұл тәжірибеге қатысуға еліміздің бірнеше мектепке дейінгі мекемелері ниет білдірген. Бірақ, олардың ішінен тек 2 балабақша ғана іріктеліп таңдалды. Оның бірі – елордалық «Аялуым» болса, екіншісі жергілікті «Ашық аспан-2» бөбек бақшасы. Енді олар жылына 4 рет арнайы құрылған комиссиядан өтіп, қол жеткізген нәтижелерін тапсырып отырады.

Гүлмира Жалмұрзина – «Ашық аспан-2» бөбек бақшасының меңгерушісі:

-Балалар әлемі жобасы бойынша біз 1 жыл жұмыс жасаймыз. Мақсатымыз – балалардың әр сәтін, минутын заман талабына сай өткізу. Мысалы, бекітілген сабақ кестесін одан әрі дамыту. Осыған орай біз тай боксы үйірмесін ашып жатырмыз. Бал биін ұйымдастырудамыз.

2010 жылы ашылған уақытта 25 бала ғана болған бөбек бақшасында бүгінде 242 бүлдіршіннен құралған 13 топ жасақталған.

 

 

Айгерим Ержанова