Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда “Мария” азық-түлік дүкенінде зейнеткерлеге нан тегін таратылуда

Валентина Ржавина – зейнеткер:

-Кеше менен көршім неге дүкенге тегін нан алуға бармайсың деп сұрады. Басында сеніңкіремедім. Келіп едім, шынында да себетте зейнеткерлерге арнап тегін нан бөлкелерін салыпты. Сатушылардан сұрасам, олар көршімнің сөзін растады. Бұл деген үлкен көмек қой. Осындай шараны жасаған жанға алғысым шексіз.

Негізі дүкенге күнделікті тегін нан алу үшін жақын маңда тұратын ондаған зейнеткер келеді. Тәулік ішінде бұл себет бірнеше рет толтырылады екен.

Алена Бархатова – сатушы:

-Бұл акцияны қариялар жақсы қабыл алуда. Осында келіп, тегін нан алғандарына қуанышты, көтеріңкі көңіл күймен қайтады. Егер де зейнеткерлер білмей келіп, ас атасын сатып алайын деп жатса, біз оларға бұл тауардың қарттарға тегін берілетіндігін айтамыз. Жалпы күніне 50-ге жуық бөлкені таратамыз. Қариялардың алғысын естігеннен кейін, жұмыс күні сәтті өтеді.

Жалпы 3 апта бұрын басталған игі шара, әзірге қала бойынша бір-ақ дүкенде өтуде. Осыған қарамастан сауда нүктесінде ас атасын тегін алуға деген ұзын-сонар кезек жоқ. Ал мұндай сауапты іске қариялар риза.

Қасен Базарбаев:

-Бұл деген жақсы ғой. Өйткені, көптеген зейнеткерлердің табысы аз. Күнкөріс керек. Осындай көмекке рахмет.

Раиса Цыганкова:

-Мұндағы нан өте дәмді. Күнде жаңа піскен. Жоғары сұрыпты ұннан әзірленеді. Осы дүкеннің басшылығына алғысымды айтамын.

Владимир Лунинский:

-Өзім кеше ғана естідім. Мұнда екі рет келіп тегін нан алдым. Бұл – игі іс. Өйткені, тауарлар қымбаттауда, ал зейнетақы төмен.

Негізі бұл бастаманы 33 жастағы жеке кәсіпкер Мария Богданова қолға алған. Айтуынша, қазіргі дағдарыс жағдайында зейнетақысы төмен қарияларға бұл үлкен көмек.

Мария Богданова – “Богданова” ЖК директоры:

-Жеке басым зейнеткерлерді, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құрметтеп, сыйлаймын. Олар – осы жасқа дейін өмірдің ащысын да тәттісін де көріп, төзіп келген жандар. Өскелең ұрпаққа қандай да болсын жақсы тәрбие беруге тырысады. Қазіргі қысылтаяң шақта көптеген тауарлардың бағасы қымбаттауда. Ал нан – бірінші кезектегі қажетті өнім. Менің осы бастамамды өзге кәсіпкерлер де қолдайды деген ойдамын.

Жалпы Мария Богданова өз бизнесін осыдан 6 жыл бұрын ашқан. Қазір шағын наубайхананы жалға алып, нан-тоқаш өнімдерін әзірлеумен айналысады. Сондай-ақ жақында тағы бір нысанды жалға алып, дүкен ашыпты. Осылайша, нәзік жанды кәсіптен нәсіп тауып қана қоймай, Елбасы жүктегендей жұмыс орнын кеңейтіп, 30-дан астам адамды еңбекпен қамтыған.

Мария Богданова – “Богданова” ЖК директоры:

-Елбасы өзінің кезекті Жолдауында “Елімізде кімде-кім қол қусырып жай отырса, оған мемлекет тарапынан ешқандай қолдау күтпей-ақ қоюға болады” деп айтқан болатын. Мен бұл сөзбен толығымен келісемін. Осы дүкенді ашқан кезде 8 адамды жұмысқа қабылдадым. Қазір сатушылар 14 күн үшін 50 мың теңге жалақы алады. Ал наубайханада тағы 25 адам еңбек етуде.

Нәзік жанды өз ісін әрі қарай өрбітуге ғимарат қажет дейді. Ал оны сатып алу үшін несие ала алмай жүр. Оған кепілдікке қоятын жекеменшік мүлкі жоқ екен.

 

 

Риат Шони