Мәдениет

Облыстық қуыршақ театрының әртістері “Өртеке” IV халықаралық фестивалінен бас жүлдемен оралды

Андрей Зайцев – Облыстық қуыршақ театрының актері, ҚР мәдениет қайраткері:

-Әрине, гран-при иеленгенімізге біз өте қуаныштымыз. Бірақ, біздің басты мақсатымыз басқа қаладан немесе шет мемлекеттен келген әріптестерімізбен араласып, тәжірибе алмасу болатын. Фестивальге қатыстық, көрдік, салыстырдық. Қазылар алқасы біздің ұжымның өнерін жоғары бағалады.

Халықаралық деңгейдегі бәсекеге Облыстық қуыршақ театрының 6 әртісі қатысыпты. Ал спектакльде басты рөлді сомдаған Сапар Мапеновке ең үздік актерлік рөл үшін сыйлық табыс етілген.

Сапар Мапенов – Облыстық қуыршақ театрының актері:

-Жазушы Борис Заходердің «Отшельник и Роза» туындысын сахналау кезінде өте қобалжимын. Дәл осы спектакльді балалар ерекше ықыласпен қабылдайды. Залда тыныштық орнап, барлығы ұйып тамашалайды. Өйткені, ол кішкентай көрерменді ойландырмай қоймайды. Достық тақырында болғандықтан, кімнің жақсы, кімнің жаман кейіпкер екенін балалар өздері көріп, зерделейді. Ал қойылым соңында менің шынайы дос тапқаныма олар да бірге қуанып, шапалақтарын аямай соғады. Көрерменнің көңілінен шығу – мен үшін үлкен бақыт.

Бүгінде қуыршақ театрының әртістері қызу жұмыс үстінде. Олар кішкентай солтүстікқазақстандықтарға көптеген жаңажылдық қойылымдар ұсынбақшы.

 

 

Айгерим Ержанова