МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандық 45 жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды

Осыны жете сезініп, асқақ рухпен жігерленген жігіттер Отан алдындағы борыштарын адал атқаруға дайын тұр. 20 жастағы Мағжан Жолтай – өз еркімен әскер қатарына шақыртылған азаматтың бірі. Әскери адам болуды армандаған ол әскери міндетін өтегеннен кейін осы салада қызмет етуді жоспарлап отыр.

Мағжан Жолтай – әскерге шақырылушы:

– Әскерге бара жатқаныма өте қуаныштымын. Бұл – әр ер азаматтың Отан алдындағы борышы. Бұл парызымды өтеп келген соң елімді қорғап, әскери азамат болуды мақсат етіп отырмын.

Бұл жігіттерді әскерге шығарып салуға туған-туыстары да келіп отыр.

Махаббат Сұлтанғалиева – ата-ана:

– Ұлымыз Отан алдындағы борышын өтемек. Барлық жас сарбаздарға ақ жол. Аман-есен үйге оралуларына тілектеспін.

Сондай-ақ, бұл күні жас сарбаздарға қоян-қолтық ұрыстың бірнеше әдіс-тәсілдері көрсетілді.

Мақсат Мұқанов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:

 

– Қазіргі уақытта 3 кезеңмен жіберіп отырмыз. Қазан айында Қорғаныс істеріне, қараша айында 200-дей адам шекара қызметіне аттанды. Ал мына сарбаздар Өскемен қаласында Ұлттық Гвардия қатарында қызмет ететін болады.

Осылайша, 45 бозбала әскери міндетін өтеуге аттанды. Енді олар Отан алдындағы парызын келесі жылдың күзіне дейін атқармақ.

Айгерим Ержанова