Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімдігі мен “Волковгеология” АҚ арасында меморандум жасалды

Жұмыс сапары аясында “Волковгеология” АҚ басқарма төрағасы Болат Ужкенов “Поиск” венчурлік фирмасы” ЖШС-нде болды. Алматылық мейман компанияның қауқарымен, онда шығарылатын өнім түрлерімен танысты. Өз қызметін 10 жыл бұрын бастаған солтүстікқазақстандық кәсіпорын бүгінде геологиялық барлау жұмыстарына және мұнай-газ өңдеу саласына қажетті құрылғылардың 6 мыңнан астам аталымын әзірлейді. Дені – құрал-саймандар.

Болат Ужкенов “Волковгеология” АҚ-на басқарма төрағасы болып 1 ай бұрын ғана тағайындалған екен. Осы себепті облыс әкімдігі мейманды өңірімізге арнайы шақыртып, серіктес компаниялармен жақынырақ таныстыруды жөн санаған. Петропавлдағы “Көпсалалы жабдықтар зауыты” қатты пайдалы қазбаларды жер астынан өндіріп алатын компаниялардың тапсырысын орындайды. Серіктестік уран өндірісі мен тау-кен орындарын бұрғылауға арналған жабдықтар шығаруда ел бойынша алдыңғы орында. Айта кету қажет, “Көпсалалы жабдықтар зауыты “Волковгеология” АҚ-ның тапсырысын 10 жыл бойы орындап келеді.

“Волковгеология” АҚ-ның әкімшілігі зауыт шығаратын өнімдердің сапалы екенін көз жеткізді. Сондықтан, екі тарап одан әрі серіктестікті нығайтуға қарсы емес. Кездесуде облыс әкімдігі “Волковгеология” АҚ-мен мұнай-газ және кен орындарын барлау компанияларымен ұзақ мерзімді тығыз әріптестік орнату жөніндегі меморандум жасасты.

Александр Тукачев – “Көпсалалы жабдықтар зауыты” ЖШС директорының орынбасары:

– Ертеңгі күнге сеніммен қарау үшін осындай келісімдердің уақытынан бұрын жасалғаны дұрыс. Біздің зауыт – елімізде алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі. Өзге компаниялармен бәсекелес болуға шамамыз жетеді. Материалдық-техникалық кешеніміз мығым, өнім бағасы қымбат емес.

“Көпсалалы жабдықтар зауыты” ЖШС-гі “Волковгеология” АҚ-мен келісім шартты тағы 3 жылға ұзатрпақшы.

Берик Касен