МТРА жаңалықтары

СҚО-да жаңбыр жауып, соңы көктайғаққа ұласты

Өйткені, көктайғақтан құлап-сүрінгендердің саны көп. Бір тәулікте қалалық ауруханаға түрлі жарақат алған 40-қа жуық адам түскен. Төрт дөңгелекті көлік түгіл, жаяу жүрудің өзі қауіпті дейді тұрғындар.

Ауа райының қолайсыздығынан кешелі бері өңірдің барлық бағыттағы жолдары жабылған болатын. Бұл уақытта тиісті орган өкілдері теріскейлік 292 мыңнан астам тұрғынға жел күшейіп, көктайғақ болатынын ескертіп, хабарлама жөнелткен. Тек, бүгін таңертеңгі 10:30 ғана жолдар ашылып, қозғалыс қалпына келді.

Назар Байматов, СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:

– Қарашаның 23-і күні кешкі сағат 18.00.-де барлық бағыттағы жолдарды жаптық. Облыс және республикалық жолдарда әкімшілік полиция органдарының қызметкерлері жұмыс істеп, жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кешкі уақыттарда ауа райы бұзылатын болса, қайтадан шектеу енгізіледі.

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД баспасөз хатшысы

– Біз адамдардың қауіпсіздігіне жауаптымыз. Сондықтан, төтенше жағдай орын алмау үшін азаматтарды алдын ала табиғи келеңсіздіктер жайлы құлақтандырдық. Бұл шара нәтижесін берді. Жапа шеккендер болған жоқ.

Полицейлердің айтуынша облыс аумағында көктайғақтың салдарынан кешегі күні 3 көлік жолдан шығып кеткен. Абырой болғанда, жапа шеккендер тіркелмеген. Әзірге, темір тұлпарды тізгіндегендер үшін жылдамдықты біраз бәсеңдетуге тура келуде.

– Ауа-райы өте қолайсыз. Жүру мүмкін емес. Жол бойы жылдамдықты сағатына 20-30 шақырымнан асырған жоқпын. Басқа күндері Астанадан 7 сағатта жететінмін, бүгін 14 сағат жүріп келдім.

Синоптиктердің айтуынша қазіргі кезде облыс аумағында Ресейдің еуропалық бөлігінен келген биік циклонның ықпалы белең алған. Сондықтан, алдағы күндері өңірде секундына 15-20, кей жерлерде 25 метр жылдамдықпен қатты жел соғады.

Іңкәр Ескендірова – СҚО гидрометеорология орталығының инженер-синоптигі:

– Таяудағы күндері облыс бойынша кей жерлерде жауын-шашын, көбінесе қар, кей жерлерде тұман, көктайғақ сақталады. ауа температурасы түнд,е 0-5 аяз болады.

Ауа райының күрт жылынуына байланысты еріген қар кешке аяз көтерілгенде қайтадан мұзға айналады. Сондықтан, қарашаның 24-нен 25-не қараған түні облыстағы барлық бағытта жолдардың қайта жабылуы мүмкін екенін ескерген жөн.

 

Акбопе Танирберген