МТРА жаңалықтары

“Әлемді өзгертетін идеялар” атты республикалық семинарға солтүстікқазақстандық 20 оқушы қатысты

Екі күнге жалғасқан сапарда өңіріміздің 20 оқушысы Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасының мазмұнына еліміздің ЖОО-нан келген белді де беделді оқытушы-профессорлар дәрісінің арқасында терең қаныққан. Шеберлік сыныптарына қатысып, саналы ой түйіп қайтқан Анель Бапаева бұл жиынның жас ұрпаққа берері мол деді.

Анель Бапаева – Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы:


–  Бізге екі күн ішінде профессорлар мен заң ғылымдарының докторлары 5 дәріс оқыды. Оның ішінде маған ұнаған тақырыптардың бірі мемлекеттік қызметкерлердің халық алдында есеп беруі.

Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған саяхат барысында жоғарғы сынып оқушылары бас қаламыздың көрікті жерлерін де аралапты. Жастар, әсіресе, Елбасының жұмыс орнында болғандарына қуанышты.

Жанель Әбдірахман -Қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы:

–  Бұл сапар маған өте қатты ұнады. Өйткені, біз Елорданың біраз жерлерін араладық. Экскурсия барысында Ұлттық мұрайжайды, Президенттің резиденциясын, Ұлт көшбасшысының кітапханасының ішін де араладық. Елбасының өмірде қолданған заттарын да көрдік.

Айту керек, бұл сапарды Президент кітапханасының ұжымы «Әлемді өзгертетін идеялар» аталатын жаңа білім беру жобасы аясында ұйымдастырған. Қазанның бірінде іске қосылған жаңашыл бағдарлама келесі жылдың шілдесіне дейін жалғаспақ.

Айтбибі Өркешова – СҚО білім басқармасының әдіскері:

 

– Бағдарлама бойынша біздің оқушыларымыз Елбасымыздың 5 институционалды реформалары жөніндегі ақпараттарды тыңдап, оны біліп шығу керек. Осы мақсатта біздің балалар теория және практикалық білімдерін толықтырып келді. Білмегендерін сұрап алды. Алған білімдерін оқушылар емтихан кезінде пайдаланады деген сенімдемін.

Енді дәл осындай саяхатқа өңіріміздің 20 оқушысы келесі жылдың наурызында аттанбақ.

Айгерим Ержанова