Денсаулық сақтау

№3 қалалық аурухана дәрігерлері 7 жас маманмен толықты

Оның қарауындағы әрбір емделуші – жіті бақылауда. Жас маманның бұл абыройлы қызметке орналасқанына небәрі 3 ай ғана. Дегенмен, аз уақыттың өзін жақсы қырынан танытып үлгерген. Қайрат Жұмади – Астана медицина университетіннің түлегі. Тіпті, қызыл дипломмен аяқтаған. Содан кейін жұмыс орны ретінде бірден Петропавл қаласын таңдаған. Басты мақсатым – “Өзім дүниеге келген солтүстік өңірдің медицина саласына аз да болса үлесімді қосу” дейді ол. Білімді әрі ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын ақ халатты абзал жанның алғаш ота кезіндегі қобалжуы да есінде.

Қайрат Жұмади – №3 қалалық ауруханасындағы хирургия бөлімшесінің дәрігері:


–  Бірінші отам аппендэктомия болды. Яғни, жедел аппендицитпен науқас түсті. Науқас әлі күнге есімде. Өзім диагноз қойып, операцияға дайындадым. Қасысда жоғары санатты хирургтар болып, көмектесті.

№3 қалалық ауруханасында жалпы саны 767 қызметкер бар. Оның 104 – дәрігер мамандар. Олар мекеменің 10 емдеу бөлімшесінде жұмыс істейді. Бас ауырып, балтыр сыздағанда жанына араша түсер абзал жандардың қатары жыл артқан сайын көбеюде.

Руслан Тасов – №3 қалалық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу жөніндегі орынбасары

 

– Биыл ауруханамызға 7 жас маман келді. Оның 3-еуі – хирург, 2-еуі -терапевт, ал біреуі акуше́р-гинеко́лог болып қызмет етуде. Былтыр тек 4 маман қатарымызды толықтырған болатын. Аурухана тарапынан мамандарға жақсы жағдайлар жасалуда. Егер де дәрігер үйді жалдап тұрса төлемақысының 50 пайызын өтейді. Сондай-ақ қызметке тұрғанда әрбіріне мемлекет тарапынан 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме ақы беріледі.

Жалпы, №3 қалалық аурухана 430 адамға шақталған. Қазір мұнда 415 науқас ем қабылдауда.

Култанов Байболат