Ауыл шаруашылығы

Ауыл тұрғындарының мәселесі шешіліп келеді

Елді мекен жұртшылығы соңғы 1-2 жылда мемлекеттік бағдарламаның шарапатын жақсы сезінуде. Жыл басынан бері “Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” жобасына 7 ауылдық арқа сүйеп, жеңілдетілген несие алыпты. Аймақта қол қусырып, мемлекетке алақан жайып отырғандар жоқ, – дейді Белое ауылдық округінің әкімі Бибігүл Қасенова.

Бибігүл Қасенова – Белое ауылдық округының әкімі, Мамлют ауданы:

– Ауыл-аймақ азаматтарының басым бөлігі осындағы 4 ЖШС мен 21 шаруа қожалықтарында жұмыс жасап, бала-шағасын асырап отыр. Ауылдық жерде жұмыс аз болғандықтан, жергілікті тұрғындар өздерінің жеке істерін бастауға бет бұруда. Егін егу мен мал шаруашылығын қатар қалып жүрген агроқұрылым жетекшілері мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында мектеп пен әлеуметтік нысандарға қаржылай көмектерін көрсетіп тұрады.

Ерлан Жұмабаев – Белое орта мектебіне биылғы оқу жылында “Дипломмен ауылға” бағдарламасымен келген жас маман. 22 жастағы ұстаз осы жылы Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-ін физика пәні мамандығы бойынша бітіріпті.

Ерлан Жұмабаев — Белое орта мектебінің физика пәні мұғалімі, Мамлют ауданы:

– Менің мектепте алаңсыз оқушыларға сабақ беруіме толыққанды жағдай жасалған. Осында көшіп келісімен жергілікті басшылық отбасыма арнап тегін баспана алып берді. Жұбайым екеуіміз көтерме ақы алуға өтініш те тапсырып қойдық.

Білім ұясы жанында шағын орталық бар. Мұнда 20 балғын тәрбиеленуде. Ауылдағы ағайынның дені қысы-жазы “Белое Агро” серіктестігінде еңбектенеді. Агроқұрылым 2012 жылы Дания елінен “Сыбаға” жобасы арқылы етті бағыттағы 110 бас ірі қара сатып алған. Қазір мүйіздінің санын 500-ге жеткізіпті. Әділбек Мұстафин мал өсіру кешенінде 2-ші жыл бақташы болып еңбек етуде.

Әділбек Мұстафин – “Белое Агро” ЖШС бақташысы, Мамлют ауданы:

– Жұмыс көңілден шығады. Жалақымызды да уақытылы береді. Мал кешенінде таңертеңнен кешке дейін ірі қараны күтіп-баптаумен айналысамыз. Оларға құнарлы, дәрумендерге бай жем-азық береміз.

Серіктестікте 60 адам жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, округке қарасты ауылдарды жарықтандыру мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Бір әттеген-айы, тұрғындар таза суды тасып ішеді. Олар “Ақ бұлақ” бағдарламасына үлкен үміт артып отыр.

Бакыт Садуакасов