Аптадағы маңызды жаңалықтар

Азаматтық іс жүргізу кодексіне өзгерістер енгізілді

Бақыт Қасейiнов – СҚО сотының азаматтық және әкімшілік істер бойынша апелляциялық сот алқасының төрағасы:

– Жаңа редакциядағы азаматтық процестік кодексте екі жақты бітімгершілікке шақырудың рөлi күшейiп, медиация институтын кеңiнен қолдану көзделіп отыр. Бұдан бөлек, істерге адвокаттардың қатысуымен бiтiстiрудiң жаңа тәсiлi ретінде «дауды партисипативтiк рәсiммен қарау» енгiзiлмекші. Бұл дауға қатысушыларға келiссөздердi адвокаттардың белсендi қатысуы арқылы өткiзу мүмкiндiгiн қамтамазсыз етеді. Бұған қоса, дауларды сотқа дейiнгi реттеу мәселесi кеңейтiлiп, азаматтық процестегi тараптар өкiлдiгiнiң институты жетiлдiрiлмек.

Сонымен қатар, енді 5 сатылы сот жүйесі 2-ге қысқарып, 3 буынды болмақ. Тағы инвестициялық дауларды қараудың жаңа тәртібі енгізіледі. Жоғарғы сотта ондай істерді қарайтын алқа құрылып, олар ірі инвесторлардың арасындағы келіспеушіліктерге нүкте қоюға септігін тигізбек. Бұдан бөлек, жаңа кодекс бойынша iстi сот талқылауына дайындау мерзiмi 7 күннен 1 айға дейінгі уақытқа ұзартылады.

Бақыт Қасейiнов – СҚО сотының азаматтық және әкімшілік істер бойынша апелляциялық сот алқасының төрағасы:

 

–  Сот өндірісін жеңілдету мақсатында сот шешімдерін шығаратын негіздердің саны артып, азаматтық істерді қарау жетілдіріледі. Яғни, екі жақ іске қатыспай-ақ, қағаз жүзіндегі айғақтарды көрсету арқылы бар мәселе шешіледі. Тағы 2016 жылдан бастап істерді қараудың алқалық тәртібі енгізілмек. Бұрын жекеше жүйе болған.

Бір сөзбен айтқанда, азаматтық іс жүргізу кодексін үлкен өзгерістер күтіп тұр. Ең бастысы олардың барлығы заң үстемдігін қамтамасыз етіп, әлемдік озық стандарттарды енгізуге бағытталған.

Магжан Ахмадина