МТРА жаңалықтары

13 қараша – Халықаралық зағиптар күні

Ұлан Төлетаев осыдан 11 жыл бұрын сырқаттанып, нәтижесінде екі көзі бірте-бірте көру қабілетінен айырыла бастаған. Ол кезде ЖОО-ның 3 курсында оқып жүрген жігіт, жанарының мүлдем көрмей қалуы себебінен оқуын тастап кетіпті. Екі баланың әкесі сол уақыттан бері жұмысқа орналаса алмаған. Тек, облыстық зағиптар қоғамына келгелі компьютермен жұмыс жасайтын болыпты.

Ол осылайша “джос” бағдарламасының көмегімен компьютердегі түрлі жүйелердің дыбысталатынын білген. Қазір мына техникада еркін жұмыс жасап, әлеуметтік желілерде отырады.

Ұлан Төлетаев, «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ СҚОФ мүшесі, 1-ші топтағы мүгедек:

– Бұл бағдарлама компьютермен жасалатын барлық іс-әрекетті дыбыстап отырады. Мен бұл арқылы көзі көретін адаммен тең жұмыс атқара аламын. Фильмдер, әуендер жазып аламын. Түрлі желілер арқылы достарыммен сөйлесемін. Бағдарламаны екі айдың ішінде меңгеріп алдым. Соның арқасында уақытымды тиімді өткіземін.

Ал, Алесандр Бочаровтың тағдыры мүлде бөлек. Азамат туағаннан жарық дүниені көзімен көрмеген. Оған қарамастан қаладағы түрлі цехтарда қырнаушы болып қызмет жасапты. Бүгін де облыстық зағиптар қоғамының тәжірибелі дыбыс операторы. Мұндағы өнерпаздарды әуенмен сүйемелдейді.

осылайша ол әншілермен 16 желтоқсан күніне орай ұйымдастырылатын концертке қызу дайындық жүргізіп жатыр. Ол – ұл мен қыз тәрбиелеп отырған әке. Көзі көрмегенімен көкірегі ояу азамат балаларымның болашағы үшін еңбек етемін дейді.

Александр Бочаров,«Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ СҚОФ мүшесі, 1-ші топтағы мүгедек:

– Облыстық зағиптар қоғамына келіп жүріп, музыкалық аппаратураны меңгеруге қызығушылығым туындады. Уақыт өте келе микрофондарды, әуенді әншінің даусына қарай дұрыстауды үйрендім. Дыбыс операторы болып қызмет етіп жүргеніме 5 жыл болды. Ұжыммен қаладағы Жұмысшы кентіне, Тайынша, Аққайың аудандарына, Көкшетау қаласында концерт қойып тұрамыз. Көбіне қарттар үйіне барып өнерімізді паш етеміз.

Жалпы қалада тұратын жанарында ақауы бар жерлестеріміз облыстық зағиптар қоғамына келіп бас уақыттарын қызықты өткізеді. Көбіне үстел ойындарын ойнап, бассейнге түсіп, түрлі мәдени іс-шараларға қатысады.

Айнагүл Ташенова, «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ СҚОФ төрағасының міндетін атқарушы:

 

– Біздің қоғамның 80 жылға жуық тарихы бар. Бізде тіркеуде тұрған зағиптар екі топқа бөлінеді. 1-ші топтағылар – мүлдем көрмейтіндер. Ал 2-ші топтағылар – жанары сәл де болса көретіндер. Қоғам мүшелері – 16-дан жоғары жастағы азаматтар. Жалпы біздің мекеме зағип жандарды өмірге бейімдеу және оңалту бойынша жұмыс атқарады.

Жалпы қалада тұратын 350 зағиптың 30-ға жуығы ғана жұмыспен қамтылған көрінеді. Мұндай топ өкілдерінің екі қолға бір күрек табудың оңайға соқпайтыны анық.

Акбопе Танирберген