Қоғам

“Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” бағдарламасы аясында 500-ден астам петропавлдық жұмысқа орналасты

Елена Кучина, тігінші:

– Қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының жолдауымен облыстық оқу-өндірістік комбинатында 10 ай көлемінде тігінші мамандығына тегін оқыдым. Осы мерзім аралығында теориялық білімімді тәжірибемен ұштастырдым. Практиканы осы “Макошь” тігін ательесінде өтіп, кейін бұнда шілде айында тұрақты жұмысқа алындым.

Жыл басынан “Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” бағдарламасы аясында 22 петропавлдық азамат кәсіптік оқудан өтті. Олар тігінші, техник-механик, бағдарламашы, медбике сынды мамандық түрлерін меңгерген. Осының арқасында барлығы тұрақты жұмысқа орналасты. Мұнымен қоса аталмыш бағдарлама аясында жұмыссыз жүрген 69 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Оларға төленетін жалақының 35 пайызын мемлекет субсидиялайды. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 9,4 млн. теңге бағытталыпты. Сонымен қатар, тағы ЖОО-дарының 64 түлегі “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы бойынша 6 айлық өндірістік тәжірибеден өтуде. Бұл азаматтарға да мемлекет қаражаты есебінен ай сайын 36 мың теңге төленіп тұрады. Ол үшін ел қазынасынан 8,9 млн. теңге бөлінген.

Айжан Елиясова, қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Сондай-ақ, жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалардан тыс яғни орталық мамандарының көмегімен 497 жерлесіміз тұрақты жұмысқа орналастырылды. Осы ретте айта кетейік, “Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” бағдарламасы аясында “Береке” шағын ауданында 200 бөлмеге шақталған 2 жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Нысан жыл аяғына дейін тапсырылады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, жатақханадағы бөлмелерге “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасына қатысқандар иек арта алады. Бірақ, оның да белгілі бір шарты бар.
Айталық, азаматың жасы 29-дан аспауы тиіс және ол Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болуы қажет. Тағы қалада тұрғылықты мекен жайы бойынша тіркелгені дұрыс.

Берик Касен