Спорт

“Мен чемпион” ойындары жалғасуда

“Жасұландықтардың” жеңіске деген ұмтылысы мол. Құрамында қыздары көп құрама арқан тартыс сайысында жеңіске жетті. Команда капитаны Айдана Нұрмұқанова қалалық чемпионатқа жолдама алу үшін жатпай-тұрмай дайындалдық дейді.

Айдана Нұрмұқанова, “Жасұлан” командасының капитаны:

– Менің тобымдағы балалардың барлығы спортқа бейім. Бүгін жеңіске жетуге құлшынысымыз зор. 1 орын алғымыз келеді.

Картопты қасықтан құлатпай жүгіру, бірнеше адам бір уақытта арқаннан секіру. Мұндай жеңіл жаттығулардан кейін жас спортшыларға едәуір қиындатылған ойындар ұсынылды.

Ақбөпе Тәңірберген:

–  “Мен чемпион” ойындарының бүгінгі бағдарламасы қызыққа толы. Кезең сайын құрамаларға берілген тапсымалар да күрделене түсуде. Мәселен, скейдборд арқылы межеге жету. Мұндағы басты мақсат – ойын шартын бұзбай, мәреге қарсыласыңнан бұрын келіп, толық 5 ұпайды қанжығалау.

Сөйтіп, кезек “Болашақ” пен “Жас қыран” топтарына келіп жетті. Кедергіден жүгіріп өткен ұлдар 10 рет кеудені жерден көтеру жаттығуын орындаса, қыздар сонша рет секіргішпен секіруде. Алғашқы сәттен-ақ “Жас қыран” тобы өз басымдығын көрсетті. Бұл сайыста олар 5 ұпайды еншілеп, қарсыластарын басып озды. Оларға арналған тапсырмалар әлі де көп.

Жан Жакубаев, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның дене шынықтыру пәні мұғалімі:

– Ойындар екі этаптан тұрады. Біріншісі дене қыздыру жаттығулары. Екіншісі күрделілек. Олардың қатарында “сиам егіздері” ең қиыны.

Есесіне достарынан біраз артта қалып жатқан “Болашақ” тобының ұл қыздары ең күрделі тапсырмалардың бірі – “Сиам егіздері” ойындарында өздерін жақсы жағынан көрсетіп бағуда. Күзгі демалыстарына қарамай ойыншыларға қолдау танытуға өзге де сыныптастары келіпті.

Тартысты әрі көңілді бәсекенің нәтижесінде “Болашақ” құрамасы үздік үштікті түйіндесе, “Тұлпарлықтар” екінші орынды қанағат тұтты. Ал ең белсенді “Жас қыран” қалалық чемпионатта өз мектептерінің намысын қорғайтын болады.

Акбопе Танирберген