Білім

Есіл ауыл шаруашылық колледжінде “Серпін” бағдарламасы бойынша 75 студент оқуда

Бейімбет Бұғасов – Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылық колледжінің директоры:

-Қазір оқу орнында студенттер 2 айдай оқып жатыр. Ол жақтан келген балаларға бар жағдай жасалған. Асханада тамақ ішеді. Жұмасына 4 мезгіл балаларға арнап монша жағамыз. Қолымыздан келгенін көмектесіп жатырмыз. Балалар өздерін тек жақсы жақтарынан көрсетуде. Олардың тәртібі жөнінде ешқандай шағым болған емес.

Оқу орнының студенттері жатақханада тегін тұрады. Онымен қоса, оларға 13 мың теңге маңайында шәкіртақы төленеді. Шоқан Қаратай – “Серпін” бағдарламасымен білім алуға келген көптің бірі. Қызылордалық жігіт агроном мамандығын 2 жыл 10 ай мерзім ішінде меңгеріп, болашақта біздің облыста тұрақтап қалуды жоспарлап та қойған.

Шоқан Қаратай – Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылық колледжінің студенті, Қызылорда облысы:

-Мемлекеттен түрлі қолдаулар көрсетіліп келе жатыр. Азық-түлікке, жататын орынға және жылы киім алуға қаржы берді. Осы бағдарлама тоқтап қалмаса екен. Көп жастар білім алса деймін.

Осында оқуға келген оңтүстікқазақстандық жастар қоғамдық жұмыстарда да белсенділіктерін танытуда. Сондай-ақ, биыл Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылық колледжінде қайта даярлау орталығы жұмысын бастаған. Бірақ, маңайдағы агроқұрылымдар мен кәсіпорын басшылары тарапынан оқытуы курстарына мамандар аз жолданатын көрінеді.

Бейімбет Бұғасов – Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылық колледжінің директоры:

-Облыс әкімінің тапсырмасымен оқу орнында қысқа мерзімде жұмысшы мамандықтарын даярлайтын курстар ашылған болатын. Қазіргі таңда бұл орталық жұмыс жасап жатыр. Орталық тек жарты күшінде ғана қызмет етуде.

Жалпы, колледжде студенттер 12 мамандық бойынша даярланады.

 

 

Бакыт Садуакасов