Спорт

Жергілікті “Құлагер” ХК өз мұз айдынында алғашқы кездесуін өткізді

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Біздің команданың құрылғанына көп уақыт өткен жоқ. Соған қарамастан “Жеңістер кубогын” ұттыңыздар. Бұл – біздер үшін үлкен жетістік. Бүгін де сіздер үшін өте жауапты ойын. Қарсылас құрама өте мықты. Алайда, сіздер солтүстікқазақстандықтардың үмітін ақтайды деген сенімдемін.

Осы жерде “Құлагер” хоккей клубының ұжымы Ерік Сұлтановқа жергілікті команданын жейдесін сыйға тарты. Содан кейін ойынның ашылу шарасы сәулеті мен салтанаты келіскен мұз айдынында жалғасты. Мұнда облыс әкімі хоккейшілер мен көрермендерді шымылдықашар кездесумен құттықтады.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:


– Құрметті қонақтар, көрермендер, спортшылар, бүгін жаңадан құрылған “Құлагер” командасы өзінің алғашқы кездесуін өткізгелі отыр. Осындай тамаша спорт сарайында кездесуді тамашалау – біздер үшін үлкен қуаныш.

Ізгі тілектерден кейін өңір басшысы матчтағы алғашқы шайбаны ойынға қосты.

Дәл осы сәтте кездесуді тамашалауға келгендер арасынан ине шаншарға жер табылмады. Көрермендер өз кезектерінде матчтың басталуын тынымсыз тосып, жерлестерімізге қолдау білдірді.

– Бүгін хоккей десе ішкен асын жерге қояр теріскейліктер үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Себебі, дәл қазір жергілікті “Құлагер” командасы өзінің жаңадан салынған мұз айдынында астаналық “Номадпен” кездеспек. Құрамалар арасындағы текетіресте кімнің асығы алшысынан түсетіндігін уақыт таразылайды.

Осылайша, төреші ысқырығы шалынып кездесу басталды. Қос құрама ойынның алғашқы минуттарынан шабуылға шықты. Оңтайлы сәттердің бірінде номадтықтар ойын тізгінін өз қолдарына алса, енді бірде жерлестеріміз қарсылас қақпаға кауіп төндірді. Теріскейліктердің тынымсыз еңбегі тек алғашқы периодтың 15-ші минутында өз жемісін берді. Бұл жерде 29 нөмірдегі Максим Волков шеберлігімен танылып есеп ашты.

Осылайша, бірінші жиырма минуттық солтүстікқазақстандықтардың пайдасына шешілді.

–  Ойын өте жақсы өтіп жатыр. Екінші периодта тағы да шайба саламыз деп ойлаймын.


–  “Құлагер” командасы, әзірше сенімді ақтауда. Мынандай жаңадан салынған мұз айдынында тек жеңіске жету керек.

Екінші кезең басталысымен имек таяқты қолдарын алған қонақтар есеп айырмасын теңестірудің амалдарын ойлады. Бір емес бірнеше мәрте қауіпті шабуылдар ұйымдастырып теріскейліктердің мазасын алды. Тек периодтың 10-шыминутында Игорь Петухов шайбаны жерлестеріміздің қақпа торында тулатты.

Алайда, мұнымен елордалықтардың гол соғу сериясы тоқтаған жоқ. Екінші жиырма миуттықтың өзінде ақ жейдедегі хоккейшілер “Құлагер” командасына жауапсыз екі шайба салды.
Ал, үшінші кезеңде жерлестеріміз жеңісті астаналықтардың қолдарынан жұлып алу үшін барларын салды. Ұрымтал сәттердің бірінде қарсылас команда қорғаушыларының қателігін пайдаланған Туомос Сантовуори есеп айырмасын қысқартты. Бұл кездесудегі 57 минут болатын. Қалған ойын бөлігінде құлагерліктер қанша гол соғамыз деп тырысқанымен есепті теңестіре алмады. Осылайша, көптен күткен кездесу 2 де 3 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді.

Лукаш Мартинка – “Құлагер” ХК қорғаушысы

– Ойын өте тартысты өтті. “Номад” командасы – тәжірибиесі мол ұжым. Қонақтар құрамасындағы спортшылар талай жылдардан бері хоккей ойнайды. Алайда, біз де аянып қалмадық. Тез есеп ашқанымызбен екінші кезеңде босаңсып қалдық. Алдағы уақытта қателіктермен жұмыс істейміз. Бізге жанкүйерлер болғандарға рахмет. Олардың қолдауларын сезіндік.

Мұз бетінде конькимен әрлі-берлі сырғанаған хоккейшілер осылайша көрермендерге қызықты ойын ұсынды. Кездесу соңында матчтың демеушісі “Азия Кредит Банк” “Құлагер” командасына теледидар сыйға тартты.

Култанов Байболат