МТРА жаңалықтары

ҚР Орталық ардагерлер кеңесінің делегациясы Мамлют ауданында болып қайтты

Лидия Майер – Новомихайловка селолық округінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы, Мамлют ауданы:

– Ардагерлер ұйымы 2011 жылы құрылды. Жалпы елді мекенде 308 ардагер тұрады. Оның ішінде 48-і – тыл еңбеккері, 3-уі – алғашқы тың игерушілер, 2-уі – Ауған соғысының ардагерлері, тағы сонша Семей полигонындағы ядролық сынаққа қатысушы. 29 қария жалғызбасты болса, 90-ы – мүгедек.

Мұнда зейнеткерлер мен ардагерлер мереке күндері де назардан тыс қалмайды. Оларға түрлі көмектер көрсетіліп, облыс орталығы мен елордаға саяхатқа барып тұрады. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында селодағы кәсіпкерлердің бірі 5 ескерткішті жөндеуге қол ұшын беріпті. Жалпы бүгінде Мамлют ауданында 3,5 мыңға жуық ардагердің көзі тірі. Олардың 7-уі – Ұлы Отан соғысына қатысқандар.

Төлеген Омаров – Мамлют ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– 4 мыңнан астам адам, оның ішінде 447 жалғызбасты қариялар. Олар сомасы 7 млн теңгеден асатын материалдық көмекке қол жеткізді. Біз көбіне медициналық қызметке баса назар аударамыз.

Кездесуді қорытындылаған республикалық орталық ардагерлер кеңесінің мүшелері мамлюттік аға буын өкілдерін ұдайы назарда ұстап, оларға көмек көрсетіп тұрғандарына алғыстарын білдірді. Новомихайловтіктердің атқарған ісін еліміздің өзге аймақтарында үлгі етіп айтатындықтарын жеткізді.

Өмірзақ Озғанбаев – ҚР Орталық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бүгінгі көшпелі отырыста селодағы ұйымның атқарған ісі жайлы естідік. Ауданда осындай жұмыстар жасалғандығы қуантады.

Кездесу соңында Новомихайловка селолық округінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Лидия Майерға астаналық әріптестері алғыс хат пен бағалы сыйлық – компьютер және принтер табыс етті. Ал облыстағы барлық аудандық ардагерлер кеңесінің төрағаларына ОTAU TV қосымшасын сыйлады. Өз кезегінде новомихайловтікілер де аянып қалған жоқ. Құрметті меймандарға арнап концерттік бағдарлама әзірлепті.

Риат Шони