Павел Филиппов – СҚО ТЖД бастығы:
– Қысқы уақытта орын алатын төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында облыста 708 бірлік техника мен 240 жылыту пунктері дайындалды. Тағы республикалық маңыздағы жолдарда орналасқан ұйымдар 73 бірлік техника әзірледі. Ал облыстық жолдарда әрекет ететін ондай 97 көлік даяр.
Теріскей қысының қандай болатындығынан хабардар құтқарушылар қол қусырып отырудың қажеті жоқ екендігін біледі. Даярлықты ерте бастаған олар өтімділігі жоғары 41 техника әзірлеген. Яғни, оқыс оқиғаларға сақадай сай. Осы ретте аймақ басшысы Ерік Сұлтанов қыстың қатты болатындығын қаперде ұстап, бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:
– Бұл – өте маңызды мәселе. Мен әр ауданның даярлығын білемін. Десе де, уақыт барда әр техниканың жұмысын тағы бір тексеріңіздер. Жөндеуді қажет ететін көліктерді ерекше бақылауға алып, дұрыстау керек. Облыс бойынша орын алатын оқыс оқиғаларға шығатын жедел штаб құрылуы тиіс. Біз кез келген жағдайда қолдау көрсете білуіміз қажет.
Кейін сөз тізгіні облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Антон Федяевқа берілді. Ол қысқы уақытта тұрғындарды газ, су, электр энергиясы және жылумен қамтамасыз ету мәселесі жайлы баяндады.
Антон Федяев – СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:
– Бүгіндері өңір тұрғындарын жылумен қамтамасыз етіп жатқан барлық қазандықтар ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдени ошақтар кестеге сай жылумен қамтылды. Бюджеттік мекемелерге көмір уақытылы әрі толық мөлшерде жеткізілді. Коммуналдық кәсіпорындар мен Петропавлдағы 2-ші жылу электр орталығында қатты отынның 1 айлық қоры сақтаулы. Жалпы жылыту маусымына ағымдағы жылы 4,5 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.
Бұдан соң жиында облыс жолдарын қалыпты жағдайда ұстап, қардан арылтуға бағытталған техникалардың даярлығы сөз болды. Жалпы өңірде 1 мың шақырымнан астам жол үнемі қар құрсауында қалып, тұрғындар қатынасы қиындайды екен. Олар тиісті мекемелердің жіті назарында.
Бейбіт Исманов – СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
– Қысқы уақытта облыстық маңыздағы жолдарды қардан арылту жұмыстарымен «Петропавл жолдары» ЖШС айналысады. Олар 95 бірлік техника дайындаған. Жалпы жолдарды қалыпты жағдайда ұстауға жұмылдырылған барлық мекемелер жанар-жағармай және көктайғаққа қарсы материалдармен толық қамтылды. 400 ауыл шаруашылығы құрылымдары да өз техникаларын осы шаруаға тартып отыр.
Баяндамадан соң өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов аудан әкімдеріне жағдайды үнемі бақылауда ұстау қажеттігін қадап айтты.
Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:
– Жолды қардан аршуға қажетті техникалардың даярлығы жайлы аудан әкімдеріне ескертілген болатын. Шаруашылықтардағы Кировецтердің барлығы бұл шаруаға бекітілуі керек. Сондықтан, аудан әкімдері бір апта ішінде қолдағы бар техникаларының даярлығы жөнінде есеп беруі қажет.
Жиында 4 мәселе қарастырылды. Соңғысы медицина саласы қызметкерлерінің төтенше жағдай орын ала қалса, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуіне қатысты болды. Өңірдің бас дәрігері облыста жұмыс істейтін 6 мыңға жуық ақ халатты абзал жан және 700-ге жуық емдеу мекемелері қысқы уақытта солтүстікқазақстандықтарға қызмет көрсетуге даяр деді. Оның үстіне оқыс оқиға орын ала қалса аймақта санавиация мен телемедицина сынды жаңашылдықтар мамандарға көмекке келмек. Бұдан бөлек, қан қоры және бір айға жеткілікті дәрі-дәрмек пен азық-түлік әзірленген.
Магжан Ахмадина