Ауыл шаруашылығы

Ата ізін қуып, мал шаруашылығын дамытуға ден қойған жас кәсіпкер

28 жастағы табыскер жігіт бала кезінде атасының жанында жүріп осы іске әбден машықтанғанын айтады. Ер жеткен соң уиверситетте заңгерлік мамандығын игеріп, 4 жыл бұрын жеке ісін бастапты. Кезінде ЖОО-да алған заңгерлік білім бүгін кәсібімді жүргізуге пайдасын тигізуде дейді. Ол өзінде бар 18 сиырдың басын көбейту мақсатында биыл “Сыбаға” бағдарламасына жүгініп жергілікті 45 қара мал мен 2 симментал бұқасын сатып алған.

Александр Антоненко, кәсіпкер, Қызылжар ауданы:


– Қаржы институтынан жылдық 14 пайыздық мөлшерлемемен 10 жылға 9 млн теңге несие рәсімдедім. Жылдық 14 пайыздың тең жартысын мемлекет көтереді.
Бұдан бөлек 2 симментал бұқасын сатып алғанда маған мемелекеттен 380 мың теңге субсидия берілді. Және жыл сайын ел қазынасынан малдың күтіміне 1 млн теңгеден астам субсидия берілетін болды. Өзіме симментал тұқымдас сиырларының өсіп-өнуі ұнайды. Жаңа туған төлдерінің салмағы 40 келіге дейін жетеді. Күніне 1 келі салмақ қосады. Сүтті және етті бағыттағысы да сүтті мол береді. Өнімдегі ақтың майлылығы жақсы.

Александр болашақта мал шаруашылығымен мықтап айналысқысы келеді. Оған қажетті техника мен қаржылық мүмкіндігі барын айтады. Бірақ, шабындық пен жайылымдық жерлердің аумағының аздығы қолбайлау болып тұр дейді.

Александр Антоненко, кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– 250 гектар жайылымдық жерім бар. Бірақ, бұл қысқа малдарға жем-азық қорын дайындауға жетпейді. Осы проблемамен Қызылжар ауданы әкімдігіне барып, талай рет айтқанмын. Бірақ, жағалылар көмек көрсетуге құлықсыз. Мен тығырықтан шығу үшін басқа шаруашылық қожайындарымен келісіп, жерін жалға алып, оларға жерден жиналған өнімнен тиесілі үлестерін бөліп беремін. Болашақта симентал сиырларын 200 басқа жеткізбекшімін. Сондықтан, шабындық пен жайылымдық жерлердің аумағын ұлғайту керек. Тым болмаса 500 гектар жер бөлінсе деймін.

Жас кәсіпкердің шаруашылығында бүгінде Шаховское аулының 14 тұрғыны жыл 12 ай тұрақты еңбек етеді. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 55 мың теңгенің маңайында. Еңбеккерлер қыста малға күтім жасаса, жазда егістік алқаптарына шығады.

Виктор Голец, “Антоненко” ШҚ жұмысшысы, Қызылжар ауданы:

– Осында жұмыс істегеніме үш жыл толды. Қыста малға қарайласамын. Таңертең кебек, шөп береміз. Кешке сауғаннан кейін тағы да кебек пен шөп береміз. Тамақ рационы жақсы. Сиырлар күніне 2 рет сауылады. 63 бас сиыр тәулігіне 400 литр сүт береді. Өнімді біз делдалдарға литрін 65 теңгеден өткіземіз.

Жас кәсіпкер 4 жыл көлемінде қарыздан құтылып, “Ырыс” бағдарламасы аясында 50-ге жуық асыл тұқымды зеңгі баба төлін сатып алуды осы бастан жоспарлап қойған. Александр Антоненко бұдан басқа жылқы да ұстайды. Бастапқыдағы саусақпен санарлық қамбар ата төлінің санын кәсіпкер бүгінде 50-ге жеткізген.

Берик Касен