Бизнес және экономика

Облыста ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға өтінім берген 129 жерлесіміздің өтініші қабылданды

Бағдарлама 2004-2009-шы жылдар аралығында екінші деңгейлі банктерден тұрғын үй алуға доллар валютасында қарыз рәсімдеп, ай сайынғы төлемін уақытында өтей алмай жүрген азаматтарға қатысты. Бұл бағытқа Ұлттық банк 130 миллиард теңге қаржы бөлген. Бүгінде жергілікті банктерге солтүстікқазақстандықтардан ипотекалық несиелерін қайта қаржыландыруға өтініштер келіп түсуде.

Жомарт Қажырақымов – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры:


– Қайта қаржыландыру бойынша біздің облыстан 1000 адамдай кіруі қажет. Соның қазіргі деректерге сәйкес 346 адам банктерге барған екен. Бұл бойынша облыс әкімі орынбасарының төрағалық етуімен комиссия да жұмысын жасап келеді. Оған 37 арыз келіп түсті.

Кездесуде теңгенің еркін айналымға шығуына байланысты ұлттық валютадағы депозиттер бойынша өтемақы төлеу жайы да талқыланды. Әзірше, ел бойынша барлық салымшылардың 24 пайызы ғана өтінім білдірген.

Жомарт Қажырақымов – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры:

– Қосымша депозиттер бойынша төлем алуға өтініштерді желтоқсанның 1-не дейін беру керек. Сондықтан, асығуларыңыз қажет.

Бүгінде өңірімізде 17 екінші деңгейлі банк филиалдары тұрғындарға қызмет көрсетуде. Қаржы институттарының өкілдері аталған екі бағдарлама бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ақпараттандырды.

Руслан Какенов – “Каспий банк” АҚ облыстық филиалының директоры:

– Біздік банк ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға 11 жерлесімізден өтінім қабылдады. Бұл бағытта әлі де клиенттермен жұмыс жүргізілетін болады.

Темірғали Маекенов – “Қазақстан халық банкі” АҚ облыстық филиалының директоры:

– Бүгінге дейін Халық банкінің барлық клиенттері екі бағдарламаның шарттарымен танысып шықты. Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға біздің банкке 50 өтініш келіп түсті.

Қаржыгерлер қос бағдарлама талаптары жайында толық мәліметті екінші деңгейлі қаржы ұйымдары мен Ұлттық банктің жергілікті филиалынан ала алады.

 

Бакыт Садуакасов