Денсаулық сақтау

Болашақ аналарға арналған дәрістер

Мұнда өтетін сабақтарда баланың бойға бітуінен бастап, босану және босанғаннан кейінгі әйел жағдайы сөз етіледі. Осындай дәрістерді тыңдауға айы-күні жақындап қалған Лилия Кацевичути де барады. Екі баланың анасы сабақтардың пайдасы орасан зор дейді.

Лилия Кацевичути – болашақ анна:

 

– Маған дәрістер ұнайды. Мұнда біз толғақ кезінде көмек болатын жаттығулар жасаймыз. Дұрыс дем алып, өзімізді қалай ұстау керектігін үйренеміз.

Мұнда жүкті әйелдер түрлі жаттығулар жасап, мамандар дәрісін тыңдайды. Ақ халаттылар сабақтарды күн сайын өткізеді.

Людмила Ефимова – Облыстық перинаталдық орталықтың валеологы :


–  Акушер-гинекологтар, балалар дәрігерлері лекциялар оқиды. Онда аналар теориялық тұрғыда көп мәлімет алады. Өзін-өзі күту, толғақ кезінде қалай әрекет ету қажет және баланы емізу жайлы ақпараттар беріледі. Түрлі бейнероликтер көрсетеміз. Ал мына жерде олар жаттығулар жасайды. Оның үстіне біз бала туу процесіне қатысып, қолдау көрсету үшін келетіндерге серіктерімен қалай жұмыс істеу керек сол туралы жақсы кеңестер береміз. Еске сала кетейік, бізде өткізілетін алғашқы дәрістер тегін беріледі.

Перинаталдық орталықтағы жас аналарға арналған мектептің жұмыс істеп жатқанына 10 жыл болыпты. Жыл басынан мұнда 200 жүкті әйел келген. Тағы бала туу кезінде жақын адамының қолдауын сезіну үшін 58 ана серіктің көмегіне жүгініпті. Осындай әдісті Жуковтар әулеті де қолданамыз деп отыр.

Елена Жукова:

–  Жақын адамның қолдауы қажет. Сондықтан, мен бала тууға күйеуіммен барамын деп шештім.

Павел Жуков:

– Әке деген баланың тәрбиесіне жауапты. Тұңғышымыз дүниеге келгенде әйелімнің қасында болмасам да, енді міне осы жолы қолдамақпын. Жалпы бұл отбасымыз үшін үлкен оқиға.

Жас аналар мектебінде ұйымдастырылатын дәрістердің қазанның 21-і күні дүниеге қыз әкелген Наталья Бедратаға да зор пайдасын тигізген. Қазір жас ана жағдайымыз жақсы дейді.

Наталья Бедрата – жас анна:

 

– Аналар мектебіндегі дәрістер маған жақсы көмектесті. Өйткені, алғашқы сәби болғандықтан қорқынышты болды. Әрі өзіңді қалай ұстау керек екендігін білмейсің. Осы сабақтарға келгеніме еш өкінбеймін.

Жалпы биыл облыстық перинаталдық орталықта 3 712 сәби дүниеге келген.

Магжан Ахмадина