МТРА жаңалықтары

Жыл басынан СҚО-да 8 әскери қызметкер пара алғаны үшін жауапқа тартылды

Абылай Игембаев, Петропавл гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры:

-Үстіміздегі жылы 7 шекарашы қызметтік бабын асыра пайдаланған. Олар бірлесіп қылмыстық топ құрып, пара алып отырған. Осыған ұқсас факті Петропавл қаласының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасында тіркелді. Биыл аталмыш ведомствоның бастығы пара алып ұсталды. Бүгінде ол жауапқа тартылып, одан 11 млн теңгеден астам айыппұл өндіріп алынбақшы.

Қоғамдық індеттің алдын алу үшін осы күні әскери бөлімдер мен аймақтардағы қорғаныс істері жөніндегі департамент жанынан арнайы комиссия құрылған. Алайда, олардың жұмысы тиісті деңгейде атқарылмай жатқан көрінеді.

Айжан Аманғожанова, СҚО бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының көмекшісі, заңгер кеңесші:

-Жақында әскери қызметшілердің арасында тест жүргіздік. Сонда олардың құқықтық сауаттылығының төмен екенін байқадық. Егер әскери адам заңды шала білсе, онда ол жемқорлық фактілеріне жол беруі мүмкін. Сондықтан, оларды жұмысқа аларда конституциялық заңдарды қаншалықты білетіндігін тексеріп алған жөн.

Жиын соңында әскери қызметшілер мен тұрғындар арасында жемқорлықты болдырмас үшін көбірек бейнеролик әзірлеу жайында ұсынысы айтылды.


 

Берик Касен