МТРА жаңалықтары

СҚО жұмыс сапарымен келген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова бірнеше әлеуметтік нысанды аралады

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Бұл жолды біз уақытында тапсыруды жоспарлап отырмыз. Әрине, егер қаражат жағы жеткілікті болса. Негізінен, Астана-Петропавл бағытындағы тасжол Ресей елінің Қорған қаласымен байланыстырады. Яғни, бұл – халықаралық маңызы бар шекаралас жол. Мұнда ауыр жүк таситын көліктер жиі жүреді.

Астаналық мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жүргізушілер су жаңа төселген асфальтты 2017 жылы сынап көре алады.
Сондай-ақ, бұл күні Гүлшара Әбдіқалықова облыс орталығындағы 320 орындық балабақша құрылысымен де танысты. Екі қабатты ғимаратқа мемлекет бюджетінен 713 млн 644 мың теңге қаражат бөлінген. 3851,5 шаршы метрді құрайтын нысанның құрылысына 30 жұмысшы мен 15 бірлік техника тартылған.

Николай Кошиков – «Петрострой-Люкс» ЖШС директоры:

-Құрылыс үстіміздегі жылдың шілде айында басталды. Бүгінде бөлінген қаражаттың 150 млн теңгесі игерілді. Қысқа дейін құрылыстың біраз бөлігін аяқтауымыз керек. Өйткені, суық кезде біз ішкі әрлеу жұмыстарымен айналысамыз. Қазір белгіленген уақыт кестесінен алда келеміз. Әзірге, балабақшаның 30%-ы дайын.

Айту керек, бүгінде облыс орталығында 7 жарым мыңнан астам баланы қамтып отырған 57 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның 44-і мемлекеттік болса, қалған 13-і – жеке меншік. Сондай-ақ, биыл Петропавлда 1120 бүлдіршінге арналған 4 балабақшаның құрылысы бастау алған болатын. Оның 3-уі желтоқсан айында қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Бұдан бөлек біз 3 балабақшаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатымызға жету үшін біз құжаттарды әзірлеп қойдық. Кәсіпкерлерге арналған хабарландыру ертең шығады. Ал келер жылы бүлдіршіндерге арналған ғимарат қолданысқа беріледі деген ойдамын. Бұл біздің бірінші тәжірибеміз болады. Ал 2017 жылы өңірімізде балабақшаға кезекте тұрғандар саны біраз қысқарады деп айта аламын.

Әлеуметтік маңызы бар мәселе талқыланып болған соң Гүлшара Әбдіқалықова облыс орталығындағы “Абылайхан резиденциясы” мұражай-кешенін аралады.

Бұдан соң Мемлекеттік хатшы мұражайдың құрметті меймандарына арналған кітапқа ұсыныс-тілектерін жазып қалдырды.

 

 

Айгерим Ержанова