Денсаулық сақтау

Абайлаңыз көктайғақ

Ольга Кондратова – Петропавл қаласының тұрғыны.

– Жолдың көктайғақ екенін аңғармадым. Асыққандығым соншалық, екі рет соққыға жығылдым. Сырқатым басылар деп бір тәулік күтіп едім, алайда қатты ауырсынған соң, емханаға келдім. Қазір міне рентгенге түстім. Жағдайымды жақсы деп айта алмаймын.

Қазір жарақат бөлімі Ольга секілді абайсызда тайып кеткендерге лық толы. Көк тайғақ ешкімді де аямапты. Айналдырған бір апта уақыт ішінде осы жерге 400-ге жуық адам көмекке жүгінген екен.

Валерий Грибашов – №3 қалалық ауруханасы жарақат зардабын емдеу пунктінің меңгерушісі.

– Жазатайым сүрініп кетіп, құлап, жарақат алғандардың саны азаяр емес. Әсіресе көктем мен күз айларында бұл көрсеткіш ұлғая түседі. Көктайғақ уақытында қарт азаматтар үйлерінде отырғандары жөн. Себебі сақтықта қорлық жоқ. Ал жастар болса асығыстық танытпаса болғаны.

Дәрігерлер қазіргі уақытта тұрғындарға қала көшелерінде сақ болуға кеңес береді.

– Соңғы түскен қар көлік жүргізушілермен қатар жаяу жүргіншілерді де біраз әбігерге салып жатқаны анық. Мәселен орнаған көктайғақтың салдарынан қазір Петропавл қаласының 390 азаматы түрлі дене жарақаттарын алған екен. Қазір олар емдеу мекемелерінде ем-дом шараларын қабылдап жатыр.

Джакупов Самат.