Білім

ҚР еңбегі сіңген қайраткері Валентина Кондратова 70-ке толды

Бұлай айдар тағудың себебі бар. Өйткені, бұл мекемеге алғаш ашылғанда Валентина Кондратова директор болып қызмет атқарған. Мұнда 20 жыл еңбек етіп, әр баланың маңдайынан иіскеп, аналық мейірін төге білген нәзікжанды 2006 жылы осы жерден зейнеттік демалысқа шығады. Бүгінде оны мұндағы балалары алдынан жүгіріп шығып, үлкен қуанышпен қарсы алады.

Валентина Кондратова, ҚР еңбегі сіңген қайраткері:

-70 жасқа толуымды тек осы мекемде тойлағым келді. Себебі, бұл жер менің жаныма жақын әрі қымбат. Зейнетке шыққан 10 жыл бойы да мерекеде келіп, балаларымның қуанышымен бөлісіп жүрмін. Мектеп-интернаттың қазіргі директоры Ризабек Какпенов әрқашан шақырып тұрады. Ол кісіге алғысым зор. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс жасау оңай емес. Ол үшін үлкен жүрек, махаббат, мейірім керек.

Бүгінгі мерейтойдың сәнін кіргізген – қазірде мектеп табалдырығында білім алып жатқан Валентина Ивановнаның 100-ден артық ұл-қыздары. Олар аналарына құшақ-құшақ гүл шоқтарын сыйлап, әдемі өлеңдерін жолдады.
Бұл шаңырақта әр жастағы әр ұлттың балалары бар. Бірақ, олардың барлығы бір анадан туған бауырлардай болып кеткен. 70 жастың шыңына шығып отырған бүгінгі мерейтой иесі Валентина Ивановнаның жеткіншектерді Ризабек Какпеновтей азаматқа сеніп тапсырғанына биыл – 10 жыл.

Ризабек Какпенов, облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатының директоры:

-Мұндағы балалардың ертеңгі күнгі жолын адаспай тауып, болашаққа ұмтылуына көмектесуіміз қажет. Өз өмірін балаларға арнаған Валентина Ивановнаны туған күнімен құттықтаймын.

Қамқоршысын туған күнімен құттықтауға мектеп-интернатының 20 жыл бұрынғы түлегі Сәуле Жуандықова да келді. Ол Мұнда 7 жасында келіпті. Бүгінде 3 ұл тәрбиелеп, үлгілі келін атанып отыр.

Сәуле Жуандықова, Аққайың аудандық “Бөбек” балабақшасының тәрбиешісі:

-Мен мұнда 1986 жылы түстім. 96-шы жылы бітіріп үлкен өмірге аяқ бастым. Өмірден өз орнымды таптым деп ойлаймын. Оқуымды аяқтадым, тұрмыс құрдым, бала тәрбиелеп отырмын.

Бүгін Валентина Кондратованы туған күнімен кезінде бала тәрбиелеуге бірге ат салысқан ұстаздар мен облыстық білім басқармасының өкілдері де құттықтады.

 

 

Акбопе Танирберген