Спорт

Жерлес спортшылар ерледі

Максим Авдонин – Алишердің ағасы

– Менің інім Алишер Мәскеуге Еуропа чемпионатына аттанған еді. Аталған жарыста бауырым бірінші орынды жеңіп алды. Мен оның жетістігіне өте қуаныштымын. Ол біздің отбасымыздың мақтанышы.

Міне, көп күттірмей пойыз да келіп қалды. Түрлі медальдар, кубоктармен оралған спортшылардың қуанышына шек жоқ. Каратэ кекушинкайдан өткен Еуропа біріншілігінде 40 келіге дейін салмақта тартысқан Алишер Авдонин еліміздің намысын қорғап, тууымызды көкке көтергенін мақтан етеді.

Алишер Авдонин – каратэші

– Біз Еуропа біріншілігіне ұзақ дайындалдық. Турнирде мықты қарсыластар көп болды. Бұл жарысқа бізді жаттықтырған бапкеріме алғысымды білдіремін.

Ал 2-ші орынды Алтынбек Ануарбеков жеңіп алған. Жерлесіміз бұл спорт түрімен 11 жыл бойы шұғылданып келеді. Спортшы жарыста 50 келіге дейін салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.

Алтынбек Ануарбеков – каратэші

– Дүбірлі додаға мықтап әзірлендік. Менің қарсыластарым, Ресей, Армения және Қазақстаннан болды. Жалпы турнир жоғары дәрежеде өтті. Бәрі көңілімнен шықты.

Мамырдың 2-ші жұлдызында Мәскеу түбіндегі Ногинск қаласында өткен кекушинкай каратэден еуропа біріншілігінде өңіріміздің намысын 8 спортшы қорғады. Олар 1 алтын, 2 күміс пен 1 қола медальдің иегерлері атанған. Сайыста солтүстікқазақстандықтарға Ресей, Швеция, Армения, Румыния және тағы басқа елдердің спортшылары бәсекелес болған.

Владимир Витченко – бапкер

– Каратэ кекушинкайдан сегізінші рет өткен Еуропа біріншілігіне ұлттық құрамаға кіретін каратэшілер аттанған еді. Олар түрлі жарыстардың жеңімпаздары. Мәскеуде өткен сайыста спортшылар жақсы нәтиже көрсетті. 10 елдің арасынан Қазақстан құрамасы 2-ші орынға тұрақтады. Жалпы, біздің еліміздің қоржынында түрлі дәрежедегі 25 медаль бар.

Енді спортшылар каратэ кекушинкайдан Азия және Әлем чемпионаттарына дайындықтарын бастамақ.

 

 

 

Сагыныш Маркашева .