МТРА жаңалықтары

Үстіміздегі жылы облыстағы ауыл шаруашылығы нысандарында 22 өрт оқиғасы орын алды

Сонымен қатар, сабанды өртеу барысында сақ болмаса от күш алып орманды жалмап кетуі мүмкін. Осы ретте Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру шараларын жүргізсе де, кеңеске құлақ аспағандар кездесуде. Мәселен, үстіміздегі жылдың 9 айында облыстағы ауыл шаруашылығы нысандарында 22 өрт оқиғасы орын алған. Қызыл жалын 5 млн-ға жуық теңгенің шығынын келтірді.

Біржан Кәрімов – СҚО ТЖД алдын алу және бақылау басқармасының бастығы:

– Егін орып-жинауға осы жылы 6 мыңнан аса трактор мен комбайн жұмылдырылған. Бүгінде өрт сөндірушілерді шөп пен сабан сақтайтын қоймалар алаңдатуда. Үстіміздегі жылы облыс аудандарында осындай нысандардың жануына байланысты 10 факті тіркелді.

Дегенмен де құтқарушы мамандар өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң ұстану қажеттігін ескертуден жалықпайды. Өйткені, немқұрайлық танытудың салдарынан Петропавл қаласындағы 2 бірдей ғимаратта от тұтанған.

Біржан Кәрімов – СҚО ТЖД алдын алу және бақылау басқармасының бастығы:

– Бірінші жағдайда өрт қыркүйектің 18-і облыс орталығындағы “Жеңіс” БЖСМ спорт залында орын алса, екіншісі 22-ші қыркүйекте таңғы сағат 4-ке таман Петропавл балалар психоневрологиялық интернат-үйінде тіркелді. Екі ғимараттағы оттың шығу себебі электр сымының қысқа тұйықталуынан болып отыр.

Абырой болғанда, қос ғимараттағы өрт кезінде зардап шеккендер жоқ.

Бакыт Садуакасов