Білім

“Тіл – парасат” байқауының облыстық кезеңі өтті

Тамара Кокорская, Астрахан орта мектебінің оқушысы, Аққайың ауданы:

-Бала күнімнен қазақ тілін меңгерудемін. Үйде де, мектепте де қазақша сөйлесуге тырысамын. Бүгінгі байқауға да зор дайындықпен келдім.

Бойжеткен мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнін “5”-ке оқиды. Сол себепті, сайысқа сүйікті ақыны Мағжан Жұмабаевтың жыр шумағын әзірлеп келген.

Тамара Кокорская, Астрахан орта мектебінің оқушысы, Аққайың ауданы:

-Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.

Бұған дейін “Тіл парасат” байқауы қалалық және аудандық деңгейде өткізілген болатын. Осы сайыстардың жеңімпаздары – 12 үміткер бүгін облыстық бәсекеде бақ сынауда. “Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” демекші шын мықтыны анықтау қиынға соққалы отыр дейді ұйымдастырушылар. Дегенмен, қазылар тарапынан қойылатын талап та қатал.

Әсем Сүлейменова, СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы:

-Сайыс үш кезеңнен тұрады. Біріншісі, слайдта көрсетілген суретке сөйлемдер құру. Екіншісі, эссе жазу. Соңғы кезең – өз өнерлерін ортаға салу.

Облыстық кезеңнің жеңімпазы өңір намысын желтоқсан айында Астанада өтетін республикалық деңгейде қорғамақ.

 

Акбопе Танирберген