МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қорған облысынан келген делегаттарды қабылдады

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың арқасында біраз жетістіктерге жеттік. Өндіріс саласын атап өтер болсақ, жергілікті “Казнефтегазмаш” АҚ-ы мен қорғандық “Корвет АК” ашық акционерлік қоғамы мұнай және газ саласына қажетті құбырлар мен қондырғыларды бірлесіп өндіруді оң жолға қойды. Сонымен қатар, екі аймақ арасында әлеуметтік бағытта да алға ілгерілеушілік байқалады. Оған соңғы жылдары шекаралық байланысты одан әрі нығайту бағытында мәдени, ғылыми-техникалық және спорттық іс-шаралардың өтуі дәлел болып отыр.

Кейін Қорған қаласының басшысы Сергей Руденко аққайыңдар өлкесінің даму әлеуеті жоғары екендігіне тоқталды. Облысқа осымен екінші мәрте сапар жасаған мейман алдағы уақытта екі жаққа да тиімді бірлескен жобаларды іске асырудың қажеттігін айтты.

Сергей Руденко – Қорған қаласының басшысы, РФ:

-Біз осы өңірде Назарбаев Зияткерлік мектебі, Петропавл құрылыс материалдары зауыты мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болдық. Өзімізге біраз мәлімет алдық. Бір-бірімізден үйренер тұстарымыз көп. Алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруды қолға алу қажет.

Өз кезегінде өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов қорғандық делегаттарды елімізде шағын және орта бизнесті дамыту үшін жасалған жағдайдан хабардар етті.

 

 

Бакыт Садуакасов