МТРА жаңалықтары

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мотошеру өңірімізге келді

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Биыл біздер үшін маңызды жыл. Соның бірі – Қазақ елінің тарихы бастау алған Қазақ хандығының 550 жылдығы. Ол еліміздің барлық аймақтарында жалпыұлттық деңгейде тойлануда. Оған өткен аптада Астанада түркі тілдес мемлекет басшыларының бірлесе ұйымдастырылған салтанатты жиыны дәлел болса, осыдан екі күн бұрын қаламызға «Ұлы Дала Елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы келіп, облысымыздың тарихи жерлерін аралап өтті.

Құттықтау сөзден кейін Дмитрий Петрухинге қала әкімі СҚО жайлы кітапты сыйлады. Ал байкерлер шаһар басшысына Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотип бейнеленген туды табыстады. Кейін жастармен әңгімелескен әйгілі байкер Қазақ хандығының 550 жылдығы – оның әлем елдерін саяхаттап жүргеніне 10 жыл толуымен тұспа-тұс келгенін жеткізді. Жер шарының бес құрлығының 150 мемлекетіне ат басын бұрып, 250 мың шақырымдық жолды еңсерген байкер студенттерге әлем елдерін мотоциклмен аралау оңай іс емес екендігін айтты. Арнайы бейне роликтер көрсетіп, жат жерде саяхат барысында жанына серік еткен Қазақ елінің байрағы демеу болып, күш-қуат береді дейді. Десе де елімізде ұйымдастырылған мотошерудің Дмитрий Петрухин үшін жөні бөлек. Себебі, Қазақ хандығының 550 жылдығын жұртшылыққа насихаттау сынды мойнымызға жауапты міндет артылып отыр, – дейді мотоцикл жүргізуші.

Дмитрий Петрухин – «Қазақстан географиялық қоғамының» президенті, саяхатшы:

-Біз 29 тамыз күні Алматы қаласынан шықты. Міне, содан бері, аптап ыстық, суық пен жаңбырға қарамастан 12 қаланы араладық. Петропавлдан кейін Қостанай қаласына жол тартамыз. Содан соң Батыс аймақтарға бару керек. Ал 9-қазанда негізгі мерейтойлық шаралар жалғасатын Тараз қаласына барамыз. Сол жерде шеруіміз аяқталады. Онда біз Қазақ хандығының жалауын Елбасымызға табыстайтын боламыз.

Кейін шерушілер тобы “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешеніне барып, мұндағы тарихи жәдігерлерге толы залдарды аралады. Бұдан соң Жеңіс саябағында болып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Айта кетейік, мотошеру шамамен 40 күнге созылады.

 

 

Магжан Ахмадина