Спорт

Петропавлда маунтинбайк спортымен айналысатын жастардың саны артуда

Әне-міне дегенше таласқа толы тартыс басталып та кетті. Енді сайыскерлер ағаш арасындағы бұралаң жолда 10 айналым жасауы тиіс. Ол үшін 40 минут уақыт берілген. Жарыста бәсекелестерін шаң қаптырып, мәреге 1-ші болып 60-шы нөмірлі Владимир Мулагалеев жетті. Ол бұл спорт түрімен 2 жылдан бері айналысады.

Владимир Мулагалеев, №32 орта мектептің оқушысы:

-Бүгін жарыста 1-ші болып келемін деп ойлаған жоқпын. Себебі, ең соңғы болып бастап едім. Сайысу өте қиынға соқты. Алдымда біренеше рет өзге спортшылар қақтығысып, жолымды бөгеп қалды. Өзім де құладым. Жарыстың қызығы да осында. Бұған дейін де алғашқы орындардан көрінгенмін. Бұл жолғы жеңіс оңайлықпен келген жоқ.

Негізі, маунтинбайк – жолсыз жерде өтетін веложарыс. Бұл спорт түрi күрделілігі жағынан велоспорт бәсекесінің ең қауіптісі әрі қиыны. Мәселен, мына орман ішіндегі жолдарда бұрылыстар көп, дөңдер мен ойларға да толы дейді ұйымдастырушылар.

Владимир Парахин – жарыстың бас төрешісі:

-Полиция полковнигі, КСРО велоспорт шебері Владимир Мезевті еске алуға арналған облыстық чемпионат екінші күн өтуде. Бұл жарыс арқылы облыс құрамасына енетін велошабандоздарды анықтаймыз. Бәсекеге 2002 жылы туылғандар мен олардан үлкен балалар, 2001 жылғы және одан кіші жастағы 70 жасөсіпірім қатысуда. Қуантатын жағдай – велоспорттың маунтинбайк түрін серік еткен жасөспірімдердің қатары жыл санап артып келе жатыр.

Екі күнге созылған облыстық чемпионаттың жеңімпаздары түрлі дипломдар мен жүлделерге ие болды.

 

Акбопе Танирберген